Жетісайда сұйытылған газ бағасын тұрақтандыру және жеткілікті мөлшерде қамтамасыз ету мәселесі қаралды

 

Жетісай ауданы әкімдігі мен аудан прокуратурасының ұйымдастыруымен тұрғындарды сұйытылған газбен қамтамасыз ету, бағаның тұрақтылығын қадағалау бағытындағы кеңейтілген отырыс өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Айдос Исмаилов, аудан прокуроры Мырзахмет Утегенов, қала мен кент әкімдері, ауылдық округ басшылары, сондай-ақ сұйытылған газ құю бекеттерінің өкілдері қатысты.

 

Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Данияр Толыбаев жиында баяндама жасап, газ бекеттерінде құрылған мобильді топтар тарапынан тұрақты мониторинг жүргізіліп отырғанын жеткізді. Сонымен қатар, министрліктің сұйытылған мұнай газының шекті бөлшек сауда бағасын бекіту туралы бұйрығы негізінде бекет иелеріне әлеуметтік тұрақтылықты сақтау және бағаны негізсіз көтермеу жөнінде түсіндірме жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатқанын айтты.

 

Аудан әкімінің орынбасары Айдос Бақытжанұлы өз сөзінде: «Қала, кент және барлық ауылдық округтерде құрылған мобильді топтар әлеуметтік сұйытылған газды уақытылы жеткізіп, бекеттерді қажетті мөлшерде қамтамасыз ету жұмыстарын бақылауда ұстауы қажет. Бұл – тұрғындардың игілігі мен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңызды бөлігі», – деп атап өтті.

 

Аудан прокуроры Мырзахмет Утегенов бағаның белгіленген шектен аспауын қамтамасыз ету қажеттігін еске салып, бекет иелеріне түсіндірме жұмыстарын жүйелі жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар, бағаны негізсіз өсірген жағдайда заң аясында шара қолданылатыны хабарланды. Қатысушылар өз ұсыныс-пікірлерін білдіріп, мәселенің шешілу жолдарын бірге талқылады.

 

Кеңейтілген жиында тұрғындардың газға қолжетімділігін қамтамасыз ету, бағаны тұрақтандыру және аудандағы автогаз бекеттерін бақылауда ұстау шаралары негізгі тақырып ретінде қаралды. Құзырлы органдар аудандағы бекеттердің жұмысын жүйелі қадағалап, тұрғындардың өтініштеріне нақты жауап беру міндетін алды. Сонымен қатар, бекеттер тұтынушыларға белгіленген лимитке сәйкес газ жеткізіп, шағымдар бойынша жылдам әрекет етуге тиіс.

 

Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, осындай шаралар тұрғындар арасында сенім тудырып, әлеуметтік маңызды ресурстардың қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Жиын қорытындысы бойынша сұйытылған газдың жеткілікті мөлшерде бөлінуі, бағасының тұрақтылығы және бекет иелерінің бақылаудағы жұмысы тұрақты түрде қадағаланады.

 

Аталған шаралардың тиімділігі тұрғындар мен кәсіпкерлер арасындағы өзара сенімділікті нығайтуға ықпал етеді. Сонымен қатар, коммуналдық сала мен әлеуметтік тұрақтылық мәселелерін шешуге бағытталған бірлескен жұмыстар ауданның барлық ауылдық округтерінде жүйелі түрде жалғасатыны атап өтілді.

 

Жиында көтерілген мәселелер бойынша мобильді топтар тұрақты жұмысын жалғастырып, қажетті түсіндірме жұмыстарын жүргізетін болады. Бұл шаралар тұрғындардың күнделікті тұрмыс сапасын жақсартуға, әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға және газ ресурстарын тиімді басқаруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.

 

Жетісай ауданы әкімдігі мен прокуратурасы тұрғындардың өтініштерін орындауға, қоғамдық игілікті қамтамасыз етуге және бекеттердің қызметін бақылауда ұстауға барлық күш-жігерін жұмсайды.