ТҮРКІСТАН: АРЫСТА 5 ГЕКТАР АЙМАҚТА АЛМА БАУЫ ЕГІЛДІ

Арыс қаласында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жаңа жеміс бағының іргесі қаланды. Қала әкімі Қайсар Маңқараевтың тапсырмасына сәйкес «Жасыл Арыс» КММ-і 5 гектар жерге 2 000 түп алма көшетін отырғызды. Көшеттер өңірде танымал әрі өнімділігі жоғары «Салтанат», «Бес жұлдыз» және «Золотой превосход» сорттарынан таңдалып, олардың дәмдік сапасы мен 5–6 метрге дейін өсетін биіктігі ескерілген.

Бағбандық жұмыстар алдын ала дайындықтан басталды. Жер жыртылып, тегістеліп, арнайы техникамен нормативке сай ұялар қазылды. Әр көшеттің түбіне қажетті тыңайтқыш құрамдары енгізіліп, суару жүйесі үшін екі су қоймасы мен су ұңғымасы дайындалды.

«Қала басшысы жеміс бағының ауқымын кеңейту жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Осыған байланысты топырақ құрылымын зерттеп, ең тиімді үш сортты таңдадық. Келесі кезеңде тамшылатып суару жүйесін орнатуды жоспарлап отырмыз. Алдағы жылдары арыстықтардың өз алмасын өндіретін бау қалыптасады», — деді «Жасыл Арыс» КММ директоры Бақтияр Асилов.

Жаңа алма бағы Теміржолшы елді мекеніне апаратын жолдың бойындағы 50 гектар арнайы бөлінген аумақта орналасқан. Аймақ қоршалып, инженерлік инфрақұрылымын дайындау жұмыстары толық аяқталған. Алғашқы өнім 2027–2028 жылдары алына бастайды деп күтілуде.