Түркістанда кәріз жүйесі жүргізілген көшелер уақытша қайта қалпына келтірілуде

Түркістан қаласында орталықтандырылған сарқынды су жүйесіне қосу бағытындағы инфрақұрылымдық жобалар қарқынды жүзеге асуда. Инженерлік желілерді жаңғырту және тұрғындардың өмір сапасын жақсарту мақсатында биыл қала бойынша 13 нысанда құрылыс жұмыстары басталған. Оның ішінде 8 нысан абоненттік және магистральдық желілерге қосылса, 5 жоба бойынша магистральдық желілерді тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Кәріз жүйесін орнату Сауран, Шауғар, Яссы секторларында, сондай-ақ Отырар және Бекзат тұрғын алаптары мен Баянауыл мөлтек ауданында атқарылып келеді. Жұмыстар Сарыбаев, Ынтымақ, Ы.Дүйсебаев, М.Төлебаев, Н.Оңдасын, Асанов, Мәдениет, Ойсыл Қара, Б.Ахметов, М.Ғабдуллин, Қарағайлы және Қалғансыр көшелерінде қамтылған.
Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының тапсырмасына сәйкес, кәріз жүйесі жүргізілген көшелерде ауа райының қолайсыздығынан туындауы мүмкін қиындықтардың алдын алу мақсатында уақытша қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Көшелерге тас төсеу жұмыстары басталып, оларды төрт күн ішінде толық аяқтау жоспарланған.
Сарқынды су желісін орнату кезінде кей көшелерде қазба жұмыстары жүргізіліп, қозғалысқа уақытша шектеулер қойылған. Осыған байланысты әкімдік қала тұрғындарынан түсіністікпен қарауды сұрайды. Құрылыс толық аяқталғаннан кейін барлық көшелердегі жол жабындысы қалпына келтіріліп, асфальт төселмек.





