Сауда және интеграция вице-министрі Түркістан облысындағы кәсіпорындарды аралап, бизнес өкілдерімен кездесті

 

Түркістан облысына Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков жұмыс сапарымен келді. Іссапар барысында ол облыстық әкімдік өкілдерімен бірге өңірдегі бірқатар өнеркәсіп нысандарын аралап, кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Сондай-ақ бизнес өкілдерімен кездесіп, өңірдің инвестициялық әлеуетін арттыру, сауда саласын дамыту және кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы ұсыныстарды талқылады.

Вице-министр ең алдымен «Turan» арнайы экономикалық аймақ пен индустриалды аймақта орналасқан кәсіпорындардың жұмысын көрді. Солардың бірі – текстиль кластерін дамытып жатқан «Kazakhstan Lihua» ЖШС. Аталған жоба Президенттің ауыл шаруашылығын дамыту және заманауи агротехнологияларды енгізу жөніндегі тапсырмасын орындауға бағытталған. Компания мақта өсіруден бастап дайын тоқыма өнімдерін шығаруға дейінгі толық өндірістік циклді қалыптастыруды жоспарлап отыр. Бұл мақсатта Отырар ауданы мен Арыс қаласында 60 мың гектар суармалы жерді игеру көзделген. Жоба аясында 1 400-ден астам тұрақты және 300-ден астам маусымдық жұмыс орны ашылады.

Сонымен қатар Айдар Әбілдабеков полиэтилен пакеттері мен пластик ыдыстарын өндіретін «ER-QAN GROUP» ЖШС өндірісін аралап, өнім көлемі мен өндірістік қуаттылығымен танысты.

Сапар барысында Сауран ауданындағы өндірістік аймаққа да барды. Мұнда вице-министр өнеркәсіптік тоңазытқыштар шығаратын «UBC Group» ЖШС және пластмасса өнімдерін өндіретін «Сауран Пласт» ЖШС қызметімен танысты. Кәсіпорын басшылары өндіріс барысы, өндірістік технологиялар және өнім өткізу нарықтары туралы ақпарат берді.

Бұдан бөлек, вице-министр Түркістан қаласындағы «Turan mall» көпсалалы кешенін аралап, нысанның инфрақұрылымдық мүмкіндіктерін көрді.

Екі күндік сапардың маңызды бөлігі облыс орталығында өткен бизнес өкілдерімен кездесу болды. «Ұлы дала елі» орталығында ұйымдастырылған жиынға 100-ден астам кәсіпкер қатысып, сауда және интеграция саласындағы өзекті мәселелерді көтерді. Кәсіпкерлер вице-министрге тікелей сұрақтарын қойып, шешімін күтетін мәселелер бойынша ұсыныстарын жеткізді.

Сапар соңында Айдар Әбілдабеков Ордабасы ауданындағы индустриалды аймаққа барып, «Altyn bricks» ЖШС-ның құрылыс материалдарын өндіру жобасы және «Central Asia aluminum» ЖШС-ның алюминий өнімдерін шығару жобасымен танысты.