Мемлекеттік қызмет мәдениеті: жауапкершілік, парасаттылық және қоғам сенімі

Мемлекеттік аппараттың тиімділігі – кез келген елдің стратегиялық дамуы мен қоғамдық тұрақтылығының басты көрсеткіштерінің бірі. Бүгінде елдің әлеуметтік-экономикалық бағытын айқындап, ұлттық мүддені қорғайтын кәсіби қызметшілер мемлекеттің даму қарқынына тікелей ықпал етіп отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы да дәл осы міндетті күшейтеді: қоғаммен ашық диалог орната алатын, азаматтардың сеніміне ие, этикалық нормаларды берік ұстанатын мемлекеттік қызметші жаңа басқару моделінің негізгі өзегі.
Осы мақсатта Түркістан облысы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Ербол Орманов Жетісай ауданының мемлекеттік қызметшілерімен арнайы кездесу өткізіп, қызметтік әдеп талаптарын жан-жақты түсіндірді. Шара барысында мемлекеттік қызметтің моральдық құрылымы, әріптестік мәдениеті, парасаттылық қағидаларын қалыптастыру секілді маңызды бағыттар кеңінен талқыланды. Мемлекеттік органдағы әр қызметкердің сөзі мен әрекеті азаматтардың мемлекеттік институттарға деген көзқарасына әсер ететінін ескерсек, бұл бағыттағы жүйелі түсіндіру жұмыстарының маңызы зор.
Кездесуде Ербол Керімбекұлы адалдық пен тазалық қағидаттарын сақтаудың маңызын, қызметтік міндеттерді орындаудағы жауапкершіліктің жоғары болуы – мемлекеттік қызметтің басты талабы екенін атап өтті. Оның айтуынша, әрбір маман өз ортасында да, халықпен жұмыс барысында да әдеп нормаларын сақтап, кикілжің мен түсінбеушілікке жол бермейтін жоғары мәдениетті ұстануы тиіс. Сол сияқты іскерлік стиль, ресми киім талаптары мен жалпы қызметтік тәртіпті сақтау – мемлекеттік қызмет беделіне әсер ететін факторлар.
Сонымен қатар кездесуде тұрғындар тарапынан жиі айтылатын бірқатар мәселелер де қозғалды. Әдеп жөніндегі уәкіл Жетісай ауданының қызметкерлерімен, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор өкілдерімен жеке қабылдау өткізіп, олардың сауалдарына жауап берді. Мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби әлеуетін арттыру, этикалық нормаларды жүйелі түрде нығайту, жұмыс сапасын көтеру бағытында атқарылып жатқан іс-шаралар туралы жан-жақты түсіндірді.
Баяндаманың маңызды бөлігі сыбайлас жемқорлықтың қоғамға әкелетін зиянына арналды. Ербол Орманов мемлекеттік қызметте адалдық қағидатын күшейту – мемлекеттік саясаттың басым бағыты екенін атап өтіп, жемқорлықпен күрес тек жазалаумен шектелмейтінін, ең бірінші кезекте алдын алу мәдениетін қалыптастыру керектігін айтты. Мемлекеттік қызметші өз ортасында да, қоғам алдында да пара бермеу, пара алмау, мемлекеттік ресурстарды жеке мақсатқа пайдаланбау секілді негізгі талаптарды берік ұстанғанда ғана қоғам сенімі артады.
Әдеп уәкілі атап өткендей, мемлекеттік қызмет – жоғары мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Бұл саланың өкілдері ұлттық мүддені қорғау, ел беделін көтеру, қоғам сенімін нығайту секілді маңызды миссияны атқарады. Сондықтан мемлекеттік аппараттағы әр маман өз мінез-құлқымен, шешім қабылдау мәдениетімен және кәсіби этикасымен мемлекеттің абыройын танытады.
Жетісайдағы кездесу қызметшілер үшін тек түсіндіру алаңы емес, өзара пікір алмасатын, тәжірибе бөлісетін, мемлекеттік қызмет сапасын арттыруға бағытталған ұсыныстарды талқылайтын тиімді диалог алаңы болды. Мұндай шаралардың жүйелі өтуі мемлекеттік қызметтің ашықтығын, адалдығын және кәсібилігін күшейтуге ықпал етеді.
Жалпы, мемлекеттік қызметшінің бейнесі – халықтың мемлекет жайлы пікірінің тікелей көрінісі. Қызметтік әдебі жоғары, парасатты, жауапты маман ғана қоғаммен сенімді қарым-қатынас орната алады. Сондықтан ел дамуының жаңа кезеңінде мемлекеттік қызметтің мәдениетін қалыптастыру мен нығайту – басым бағыттардың бірі болып қала береді.





