ТҮРКІСТАН: КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІ МЕН ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан облысында кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауға арналған штабтың кезекті отырысы өтті. Жиынға құқық қорғау органдары, облыстық басқармалар, сондай-ақ аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары қатысты. Отырыста атқарылған жұмыстар талданып, алдағы жоспарлар нақтыланды.
Мәжілісті облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев басқарып, жауапты сала өкілдеріне балалар қауіпсіздігі мәселесіне ерекше назар аударуды тапсырды.
Ертай Кенжебекұлының айтуынша, жасөспірімдерге қатысты кез келген келеңсіз оқиға аудан әкімдіктерінің тікелей бақылауында болуы тиіс.
Оның сөзінше, тек тәртіптік шаралармен шектелмей, қауіпті жағдайлардың алдын алу, балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау бағытында жүйелі жұмыс жүргізу қажет.
Отырыста облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова аудан және қала әкімдіктерінің жанындағы штабтардың жұмысы жөнінде баяндама жасады. Оның айтуынша, қазіргі уақытта штаб отырысы тек Сарыағаш пен Келес аудандарында өткізілген. Қалған өңірлерден ақпараттың кеш жеткізілуі жұмыстың тиімділігіне кері әсер етіп отыр.
Бүгінде барлық аудан-қала әкімдіктері мен облыстық штаб мүшелерінің қатысуымен жедел әрекет етуге арналған WhatsApp чаттары құрылған.
Сонымен бірге, өңірде білім беру ұйымдарындағы ахуалды жақсарту және оқушылардың тәрбиесіне жаңа тәсілдерді енгізу бағытында жүйелі шаралар қолға алынған. 2024–2026 жылдарға арналған кәмелетке толмағандар арасында экстремизм мен терроризмнің алдын алу жөніндегі Жол картасы әзірленіп, барлық әкімдіктерге жолданды.
Ал облыстағы 1114 білім беру ұйымында алгоритмге сәйкес оқушылардың мінез-құлқын бақылау, тәуекел топтағы балаларды анықтау жұмыстары жүргізілген.





