ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: АЙТЫЛДЫ — ОРЫНДАЛДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің облыс тұрғындарымен кездесулерінде айтылған мәселелер кезең-кезеңімен өз шешімін тауып келеді. Әр ауданнан түскен ұсыныстар мен өтініштердің орындалу барысы жеке бақылауға алынып, жауапты басқармалар мен аудан әкімдіктеріне нақты тапсырмалар жүктелген болатын.

 

Сол көтерілген мәселелердің бірі – Қазығұрт ауданындағы медициналық инфрақұрылымды жаңарту. Тұрғындар тарапынан ұзақ жылдар бойы айтылып жүрген Сарапхана ауылындағы емхана ғимаратын жөндеу мәселесі биыл толық шешімін тапты. Тозығы жеткен нысанға күрделі жөндеу жүргізіліп, ауыл халқына сапалы медициналық қызмет көрсетуге лайықты жағдай жасалды.

 

Жөндеу жұмыстары аясында емхана ғимаратының іші-сырты толық жаңартылып, инженерлік желілер ауыстырылды, жаңа жабдықтар орнатылды. Дәрігерлер бөлмелері, зертхана, тіркеу бөлімі, күту залдары қазіргі талапқа сай қайта бейімделіп, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастырылды. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін арнайы пандустар мен бағыттаушы белгілер орнатылып, қолжетімділік стандарттары сақталды.

 

Жергілікті тұрғындар бұл өзгерісті зор қуанышпен қабылдап, мәселенің қысқа мерзімде шешілгенін оң бағалуда. Сарапхана ауылының тұрғындары үшін сапалы медициналық қызметтің жақсаруы – ұзақ күткен нәтижелердің бірі.

 

Өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің айтуынша, халықтың сұранысы мен өтінішін орындау — мемлекеттік органдардың ең басты әрі жауапты міндеті. Әкімдік әрбір көтерілген мәселені назардан тыс қалдырмай, орындалу барысын қатаң бақылауда ұстайды. Әсіресе әлеуметтік сала – денсаулық сақтау, білім беру, инфрақұрылым, ауыз су және жол мәселелері негізгі басымдықтардың қатарында.

Қазығұрт ауданындағы атқарылған бұл жұмыс — облыстағы кең көлемді әлеуметтік жаңғырту бағдарламасының бір бөлігі ғана. Алдағы уақытта да халықпен кездесу барысында көтерілген мәселелер жүйелі түрде шешіліп, тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытындағы жобалар жалғасын табады.

Халық мүддесіне бағытталған нақты қадамдар – өңір дамуының басты көрсеткіші.