Түркістан облысында 114 мың гектарға су үнемдеу технологиялары енгізіліп, агроөнеркәсіптік саланың дамуы қарқын алды

Түркістан облысында су ресурстарын тиімді пайдалану және ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыру бағытында ауқымды шаралар жүзеге асырылуда. Бұл жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімі Нұралхан Көшеров мәлімдеді.
– Мемлекет басшысының тапсырмасымен өңірде су үнемдейтін озық технологияларды енгізу бойынша кешенді шаралар қолға алынуда. Заманауи су үнемдеу жүйелері ағын суды екі есеге дейін үнемдеуге мүмкіндік береді, сондай-ақ ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін үш есеге дейін арттырады. Түркістан облысы еліміздегі суармалы жерлердің төрттен біріне ие. Суармалы алқаптар жалпы 554 мың гектарды құрайды. Биыл 27 мың гектарға су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарланған болса, нақты нәтиже бойынша 59 мың гектарға орнатылды. Осылайша, жоспар артығымен орындалып, су үнемдеу технологиялары енгізілген жалпы жер көлемі 114 мың гектарға жетті, – деді Нұралхан Көшеров.
Суару технологияларының қолжетімділігін арттыру мақсатында өңірде алты кәсіпорын ашу жоспарланған. Олардың төртінің жұмысы басталып, алдағы уақытта тағы екі кәсіпорын іске қосылады. Нәтижесінде Түркістан облысында 364 мың гектарға су үнемдеу технологиясын жеткізу мүмкіндігі қалыптасады. Болашақта бұл кәсіпорындар тек облысты ғана емес, көршілес өңірлерді де толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Отырар ауданында тамшылатып суару технологиясы бойынша күріш өсіру жобасы сәтті жүзеге асырылды. Жобаның жалпы құны 7 млн АҚШ долларын құрайды. Бұл технологияны қолданудың арқасында су екі есеге үнемделіп, өнімділік айтарлықтай артқан. Фермерлердің айтуынша, бұрынғы әдістермен салыстырғанда су аз жұмсалып, егістік алқаптары тиімді пайдаланылады. Сонымен қатар, технологияның енгізілуі еңбек өнімділігін арттырып, жұмысшылардың ауыр еңбегін жеңілдетуге септігін тигізеді.
Облыс аумағында суару жүйелері арқылы сумен қамтамасыз ететін каналдардың жалпы ұзындығы 12 731 шақырымды құрайды. 4 180 канал жұмыс істейді, алайда олардың 76 пайызы тозығы жеткен. Суармалы жерлердің тиімділігін арттыру үшін кешенді жоспар қабылданып, Ислам даму банкінің қаржысы есебінен 302 су нысанын жөндеу көзделген. Жұмыстар аяқталған соң каналдардың тозу деңгейі 50 пайызға дейін төмендеуі күтілуде. Бұл шаралар сумен қамтудың сенімділігін арттырып, дақылдардың су тапшылығына ұшырамауына мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, өңірде төрт жаңа су қоймасын салу жоспарланып отыр, олардың жалпы сыйымдылығы 121 млн текше метрді құрайды. Қазіргі таңда «Бәйдібек ата» және «Қарақуыс» су қоймаларының құрылысы жүргізілуде, ал «Боралдай» және «Иқан су» жобалары әзірленуде. «Бәйдібек ата» және «Боралдай» су қоймалары іске қосылған кезде Түркістан қаласы мен бес аудан 113 млн текше метр сумен тұрақты қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, 16 мың гектарға жуық жердің су қамтамасыз етілуі жақсарып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін жылына 200 млрд теңгеге дейін арттыруға мүмкіндік туады.
Су үнемдеу технологияларын енгізу тек өнімділікті арттырумен шектелмейді. Бұл – өңірдегі агроөнеркәсіптік саланың тұрақты дамуына негіз қалайды. Су тапшылығы мен климаттық өзгерістерге қарамастан, фермерлер тиімді суару жүйелерін қолдану арқылы тұрақты егін жинай алады. Сонымен қатар, су үнемдеу технологияларының енгізілуі ауыл шаруашылығы еңбек өнімділігін арттырып қана қоймай, шығындарды азайтуға да мүмкіндік береді.
Жобалардың бірі ретінде Келес ауданында «ЕcocultureЕurasia» ірі жылыжай кешені салынуда. 500 гектар аумақты қамтитын бұл кешен жыл бойы 240 мың тоннадан астам көкөніс өндіруге мүмкіндік береді. Жоба іске қосылғаннан кейін 7 мың жаңа жұмыс орны құрылмақ. Сонымен қатар, облыстағы қазіргі жылыжайлар көлемі биыл 75 гектарға ұлғайып, жалпы 1 715 гектарға жетті. Жылыжайлардың бірінші айналымынан 102 мың тонна көкөніс жиналды. Алдағы жылы қосымша 62 гектарға арттырып, республикалық үлесі 80 пайызға жеткізіледі.
Облыс әкімінің айтуынша, су ресурстарын тиімді пайдалану арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуеті де артып келеді. Биыл облыстың экспорттық көлемі 355,5 млн АҚШ долларын құрап, 1,1 есеге өсті. Жалпы өнім көлемі 182,5 млрд теңгеге ұлғайып, 1,1 трлн теңгеден асты. Бұл көрсеткіш бойынша Түркістан республикада көш бастап тұр.
Су үнемдеу технологияларының тиімділігін фермерлер де атап өтті. Олар бұрынғы дәстүрлі суару әдістерімен салыстырғанда тамшылатып немесе қысымды суару жүйелері арқылы су көлемін аз жұмсап, өнімділікті арттыра алатындарын айтты. Сонымен қатар, технологиялардың енгізілуі жұмысшылардың уақытын үнемдеуге және еңбек күшін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Облыс аумағында су тапшылығының алдын алу үшін түрлі нысандар құрылысы мен жөндеуі жалғасуда. Жоспарға сәйкес, жақын арада жаңартылған каналдар мен жаңа су қоймалары іске қосылады, бұл ауыл шаруашылығы дақылдарын тұрақты сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл жобалар өңірдің су қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, климаттық өзгерістерге бейімделуге септігін тигізеді.
Нәтижесінде Түркістан облысында су үнемдеу технологияларын енгізу – ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы, өнімділіктің артуы және агроөнеркәсіптік кешеннің экономикалық өсуін қамтамасыз ететін маңызды қадам болып отыр. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің айтуынша, алдағы жылдары су үнемдеу жобаларын кеңейту және жаңа технологияларды енгізу арқылы өңірдің агроөнеркәсіптік потенциалын барынша арттыру көзделуде.





