САРЫАҒАШ: ЖІБЕК ЖОЛЫ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ МЕМЛЕКЕТКЕ ҚАЙТАРЫЛҒАН АКТИВТЕР ЕСЕБІНЕН БІРҚАТАР ЕЛДІ МЕКЕН ТАЗА АУЫЗ СУМЕН ҚАМТЫЛДЫ

ЖІБЕК ЖОЛЫ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ МЕМЛЕКЕТКЕ ҚАЙТАРЫЛҒАН АКТИВТЕР ЕСЕБІНЕН БІРҚАТАР ЕЛДІ МЕКЕН ТАЗА АУЫЗ СУМЕН ҚАМТЫЛДЫ,-деп хабарлайды Пресса24.кз.
Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Сарыағаш ауданында тұрғындар үшін маңызды әрі көптен күткен инфрақұрылымдық жоба жүзеге асты. Жібек жолы ауылдық округіне қарасты бірнеше елді мекенде орталықтандырылған ауыз су жүйесі іске қосылып, ауыл халқының тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған нақты қадам жасалды.
Салтанатты шараға Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев арнайы қатысып, жаңа ауыз су нысандарының ашылу рәсіміне куә болды. Аудан басшысы тұрғындарды Тәуелсіздік күнімен және ел өміріндегі маңызды жаңалықпен құттықтап, бұл жобаның әлеуметтік маңызын ерекше атап өтті.
— Бүгін біз үшін қуанышты әрі тарихи сәт. Тәуелсіздік күні қарсаңында ауыл тұрғындарына таза ауыз судың жеткізілуі — мемлекетіміздің халық игілігі жолындағы нақты жұмысының көрінісі. Сапалы ауыз су — тұрғындардың денсаулығы мен өмір сапасының негізгі кепілі. Бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасын табады, — деді Арман Абдуллаев.
Іс-шараға Түркістан облыстық мәслихат депутаттары Алмас Салимов пен Жомар Абдибаев, аудан прокуроры Мақсат Мошхалов, аудандық мәслихаттың төрағасы Рысбек Асылбекұлы, жергілікті депутаттар, сала мамандары және ауыл тұрғындары қатысты. Жиналған қауым жаңа су жүйесінің іске қосылуын зор қуанышпен қарсы алып, елдің әл-ауқатын арттыруға бағытталған бастамаларға ризашылықтарын білдірді.
Аудан әкімі жауапты мекемелер мен мамандарға пайдалануға берілген ауыз су жүйесін талапқа сай күтіп-ұстауды, тұрғындарды үздіксіз әрі сапалы сумен қамтамасыз етуді тапсырды. Ал ауыл ақсақалдары өз кезегінде елдің игілігі үшін атқарылған жұмыстарға алғыс айтып, ақ баталарын берді.
Аталған жоба Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасын орындау аясында, мемлекетке қайтарылған активтер есебінен жүзеге асырылды. Бұл қаржы көздерінің әлеуметтік маңызы бар нысандарға бағытталуы — халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға арналған мемлекеттік саясаттың айқын нәтижесі.
Жібек жолы ауылдық округіндегі 5 елді мекенде орталықтандырылған ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстарын «FS Development Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Жаңа су жүйесі шамамен 16 мың абонентті сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Инженерлік желілер заманауи талаптарға сай тартылып, ұзақ мерзімді пайдалануға бейімделген.
Айта кету керек, Сарыағаш ауданында бүгінгі таңда 1 қала мен 13 ауылдық округ бар, олардың аумағында 63 елді мекен орналасқан. Бұған дейін аудан бойынша 50 елді мекен немесе 79,3 пайыз тұрғын орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған болатын. Қазіргі таңда тағы 13 елді мекенде құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп, оның 9-ында жұмыстар толық аяқталған.
Нәтижесінде Жібек жолы, Қарабау, Зортөбе, Сарқырама және Жаңақұрылыс елді мекендеріне ауыз су беріліп, аудан бойынша орталықтандырылған сумен қамтылған елді мекендер саны 54-ке жетті. Бұл көрсеткіш 85,7 пайызды құрап отыр. Алдағы уақытта қалған елді мекендерді де таза ауыз сумен қамту жоспарда бар.
Жалпы, Сарыағаш ауданында инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Ауыз су, жол, газ және өзге де әлеуметтік маңызы бар жобалардың кезең-кезеңімен іске асуы тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң серпін беруде.
Осындай нақты істер арқылы мемлекет пен жергілікті атқарушы билік халықтың әл-ауқатын көтеруді басты міндет ретінде жалғастыра бермек.





