ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА ЖАРТЫТӨБЕ АУЫЛЫНДА ЗАМАНАУИ ЖАБЫҚ ФУТБОЛ АЛАҢЫ АШЫЛДЫ

ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА ЖАРТЫТӨБЕ АУЫЛЫНДА ЗАМАНАУИ ЖАБЫҚ ФУТБОЛ АЛАҢЫ АШЫЛДЫ
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында Созақ ауданында ел қуанышын еселеген маңызды оқиғалар орын алды. Аудан аумағында бұқаралық спортты дамытуға бағытталған екі бірдей спорттық нысан ел игілігіне берілді. Атап айтқанда, Созақ ауылында жаңа заманауи спорт кешені пайдалануға берілсе, Жартытөбе ауылында жабық үлгідегі кіші футбол алаңы салтанатты түрде ашылды. Бұл – ауыл жастары үшін ғана емес, жалпы елді мекен тұрғындары үшін үлкен қуанышқа айналған игі жаңалық.
Жартытөбе ауылындағы спорт нысанының ашылу рәсіміне Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын, спорт сүйер жастарды және қонақтарды Тәуелсіздік күні мерекесімен және жаңа нысанның іске қосылуымен құттықтады. Аудан басшысы өз сөзінде мемлекет тарапынан бұқаралық спортты дамытуға, әсіресе ауыл жастарына қолайлы жағдай жасауға ерекше мән беріліп отырғанын атап өтті.
– Тәуелсіздік – біздің ең қастерлі құндылығымыз. Осындай ұлы мерекенің қарсаңында ел игілігі үшін маңызды әлеуметтік нысандардың ашылуы – тәуелсіз еліміздің тұрақты дамуының нақты көрінісі. Мемлекет басшысы жастардың денсаулығын нығайтуға, спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасауды басты міндеттердің бірі ретінде айқындап отыр. Бүгін пайдалануға берілген жабық футбол алаңы – сол саясаттың нақты жемісі. Ауыл жастары үшін бұл нысан үлкен мүмкіндік. Кішкентай ауылдардан шыққан талай спортшы еліміздің абыройын халықаралық ареналарда қорғап жүр. Осындай спорттық инфрақұрылым көбейген сайын, жаңа чемпиондардың шығуына жол ашылады, – деді Мұхит Сексенбайұлы.
Аудан әкімі жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, салауатты өмір салтын қалыптастыру, бұқаралық спортты кеңінен дамыту – қоғамның болашағына салынған инвестиция екенін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, аудан көлемінде спорттық нысандардың саны алдағы уақытта да кезең-кезеңімен арта бермек.
Салтанатты шара барысында аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов те құттықтау сөз сөйлеп, жаңа спорт алаңының ауыл өміріндегі маңыздылығына тоқталды. Олар мұндай нысандардың жастарды жаман әдеттерден аулақ ұстап, тәртіп пен жауапкершілікке тәрбиелеуде үлкен рөл атқаратынын атап өтті.
Ауыл ардагері, Созақ ауданының Құрметті азаматы Мадияр Бейсенбеков өз сөзінде ел Тәуелсіздігінің арқасында ауылдарда осындай заманауи инфрақұрылым қалыптасып жатқанын айтып, жас ұрпаққа жасалып отырған қамқорлық үшін ризашылығын білдірді. Сондай-ақ ол жаңа алаңның болашақ спортшыларды тәрбиелеуге қызмет ететініне сенім білдіріп, игі іске ақ батасын берді.
Шараға арнайы шақырылған Жартытөбе ауылынан шыққан танымал спортшылар да қатысып, ауыл жастарына рухани қолдау көрсетті. Бокстан әлем чемпионы Біржан Жақып пен белгілі футболшы, Қазақстанның үш дүркін чемпионы Таңат Нөсербаев туған ауылында осындай спорттық нысанның ашылуын үлкен қуанышпен қабылдағандарын жеткізді. Олар жастарды спорттан қол үзбеуге, үлкен мақсаттар қоюға шақырып, табандылық пен еңбекқорлықтың жеңіске жеткізетінін атап өтті.
Сонымен қатар ауыл тумасы, жергілікті кәсіпкер Дәулет Дүйсебай да игі бастамадан шет қалмай, ауыл жастарына қолдау көрсетті. Ол жаңа футбол алаңына қажетті футбол доптары мен жаттығу құралдарын сыйға тартып, жас спортшыларға сәттілік тіледі. Бұл қадам ауыл кәсіпкерлерінің де әлеуметтік жауапкершілікті сезініп, туған жерді дамытуға үлес қосып отырғанын көрсетті.
Жартытөбе ауылында бой көтерген жабық үлгідегі кіші футбол алаңы барлық заманауи талаптарға сай жабдықталған. Алаңда сапалы жасанды төсеніш төселіп, жарықтандыру жүйесі орнатылған. Қауіпсіздік қоршаулары мен ойыншыларға арналған жылы киім ауыстыратын бөлмелер қарастырылған. Сонымен қатар нысан аумағы толықтай асфальтталып, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілген. Бұл – спортшылардың жыл бойы, кез келген ауа райында жаттығуына мүмкіндік береді.
Жаңа спорт алаңының іске қосылуы ауыл тұрғындары арасында ерекше қуанышпен қабылданды. Әсіресе жастар үшін бұл нысан бос уақытты тиімді өткізіп, спортпен жүйелі айналысуға үлкен серпін бермек. Мамандардың айтуынша, жабық үлгідегі алаң ауылда спорттық жарыстар мен турнирлер өткізуге де қолайлы жағдай жасайды.
Тәуелсіздік күні қарсаңында пайдалануға берілген бұл спорт нысаны – елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының, ауыл өмірінің жаңарып келе жатқанының айқын көрінісі. Осындай жобалар арқылы ауыл жастарының болашағына жол ашылып, салауатты әрі белсенді ұрпақ қалыптасатыны сөзсіз.





