Жетісай ауданында жасыл желек қорын көбейтуге арналған тұқымбақ іске қосылды

Жетісай ауданында жасыл желек қорын көбейтуге арналған тұқымбақ іске қосылды,-деп хабарлайды Пресса24.кз.
Түркістан облысында экологиялық ахуалды жақсарту және көгалдандыру жұмыстарын жүйелі жүргізу мақсатында Жетісай ауданында жаңа тұқымбақ ұйымдастырылды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес қолға алынған жоба аясында 1 гектар аумақ арнайы бөлініп, онда болашақта аудан аумағын жасыл желекпен қамтамасыз ететін көшеттер өсірілуде.
Қазіргі таңда аталған тұқымбақ «Жетісай қызмет» мекемесінің теңгеріміне беріліп, көшет отырғызу мен күтіп-баптау жұмыстары мекеме қызметкерлерінің күшімен жүргізіліп жатыр. Мамандар өсімдіктердің дұрыс өсуі үшін агротехникалық талаптарды сақтауға және қолайлы жағдай жасауға басымдық беруде.
Тұқымбақта ағаштардың әртүрлі түрлері өсірілуде. Атап айтқанда, емен, айлант, үйеңкі, катальпа, акация, көк терек, ақ терек, мырза терек, ива, келінтал және жиде секілді ағаштар мен сәндік көшеттер отырғызылған. Қазіргі таңда мұнда 65 мыңға жуық көшет дән арқылы және қаламша әдісімен егілген. Өсімдіктердің сапалы өсуі мен бейімделуіне тұрақты бақылау жүргізілуде.
Тұқымбақтың жұмысымен арнайы танысқан Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға берді. Ол көшеттердің жағдайын көріп, тұқымбақты тиімді пайдалану, өсірілетін ағаштардың сапасын арттыру және оларды ұзақ мерзімге сақтап қалу мәселелерінің маңыздылығын атап өтті. Аудан басшысы бұл бастаманың өңірдегі жасыл желек көлемін арттырып, экологиялық тепе-теңдікті сақтауға зор үлес қосатынын жеткізді.
Жоспарға сәйкес, алдағы кезеңде тұқымбақта өсірілген көшеттер аудан көшелеріне, әлеуметтік нысандардың айналасына және қоғамдық орындарға отырғызылады. Бұл жұмыстар елді мекендердің көркін келтіріп қана қоймай, тұрғындар үшін қолайлы әрі экологиялық таза орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.





