ТҮРКІСТАНДА ЗАМАНАУИ АНА МЕН БАЛА ОРТАЛЫҒЫ САЛЫНЫП ЖАТЫР

Түркістан қаласында 80 төсек-орынға арналған заманауи ана мен бала орталығының құрылысы жүріп жатыр. Жоба «Түркістан» әлеуметтік корпоративтік даму қорының тапсырысымен және Біріккен Араб Әмірліктеріндегі «Абу-Даби» қорының демеушілігімен жүзеге асырылуда.

Құрылыс барысымен облыс әкімі Нұралхан Көшеров танысып, нысанның өңір тұрғындары үшін маңызын атап өтті. Аймақ басшысы ана мен бала денсаулығы – басты басымдық екенін айтып, құрылыс сапасы мен мерзіміне ерекше мән беруді тапсырды. Сондай-ақ нысанның сәулеттік келбеті Түркістан қаласының ерекшелігіне сай болуы керектігін жеткізді.

Жобаның жалпы құны – 8,3 млрд теңге. Құрылыс жұмыстарын «Эристайл Казахстан» ЖШС жүргізуде. 3,3 гектар аумақта орналасатын орталықтың жалпы ауданы 17 288 шаршы метрді құрайды. Бір және екі қабатты ғимарат 4 блоктан тұрады. Мұнда жүктілік патологиясына арналған 30 орындық және босанған аналарға арналған 50 орындық бөлім жұмыс істейді. Барлық бөлімдер заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтылады.

Құрылыс 2025 жылы басталған. Қазіргі таңда нысанда 109 жұмысшы мен 12 арнайы техника тартылған. Ана мен бала орталығын 2026 жылдың тамыз айында пайдалануға беру жоспарланып отыр.