ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮЙЕЛІ ЖҮРГІЗІЛІП КЕЛЕДІ

Түркістан қаласында санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстары тұрақты түрде жүзеге асырылуда. 2025 жылы «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында тазалық шаралары апта сайын ұйымдастырылып, жоспарға сәйкес орындалды. Жыл басынан бері қала аумағында 40 рет жалпықалалық тазалық жұмыстары өткізілді.
Қала тазалығына жауапты «Түркістан жарық-тазалық» ЖШС бүгінде 505 қызметкерді жұмыспен қамтып отыр. Әр жұмысшы өзіне бекітілген аумақта көшелер мен аулаларды тазалап, қоқыс жинаумен айналысады. Әрбір аумаққа жауапты бригадирлер белгіленген.
Қала аумағында жалпы саны 875 көше бар. Оның ішінде 30 көше күнделікті, 120 көше аптасына үш рет, ал 725 көше аптасына бір рет санитарлық тазалаудан өтеді. Ай сайын шамамен 2200 тонна тұрмыстық қатты қалдық арнайы полигонға шығарылуда.
Қоқыс жинау жүйесін жетілдіру мақсатында қалада 500-ден астам жаңа қоқыс жәшігі орнатылды. Сонымен қатар жарамсыз контейнерлер жөнделіп, бұрын қоқыс жәшігі орнатылмаған аумақтарға көшірілді.
Қазіргі таңда Түркістан қаласында 1262 қоқыс алаңшасы мен 2719 қоқыс контейнері бар. Қалдықтарды уақытылы тасымалдау үшін 34 арнайы техника жұмылдырылған. Бұл жұмыстарды үш мекеме атқарса, көгалдандырумен екі мекеме айналысады. Тазалық және көгалдандыру бағытында жеті кәсіпкермен келісімшарт жасалған.





