ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ ТЕМІР ҚЫРЫҚБАЕВ ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНДА ЖҰМЫС САПАРЫМЕН БОЛДЫ

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясының мүшесі Темір Базарбайұлы Қырықбаев жұмыс сапарымен Қазығұрт ауданына келді. Сапар барысында халық қалаулысы аудан аумағындағы бірқатар білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мәдени-тарихи және өндірістік нысандардың жұмысымен танысып, тұрғындармен ашық форматта кездесу өткізді.
Іссапардың негізгі мақсаты – өңірде жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік маңызы бар жобалардың орындалу барысын бақылау және тұрғындардың өзекті мәселелерін тікелей тыңдау.
Жұмыс сапары аясында Мәжіліс депутаты «AMANAT» партиясы Қазығұрт аудандық филиалында қоғамдық қабылдау өткізді. Қабылдауға аудан әкімі Азизхан Исмаилов, облыстық мәслихат депутаты Нұржан Аширов, партияның аудандық филиалының төрағасы Есімхан Исақұлов, мәслихат депутаттары, сала басшылары мен ауыл округі әкімдері қатысты.
Кездесу барысында тұрғындар білім беру және денсаулық сақтау салалары, мектептер мен медициналық нысандардың құрылысы мен жөндеуі, ауыз су, газ, интернет сапасы, балаларға арналған спорт және ойын алаңшаларының жетіспеушілігі сияқты мәселелерді көтерді. Темір Қырықбаев әрбір өтінішке жеке тоқталып, жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берді. Ал республикалық деңгейде шешілуі тиіс түйткілдер депутаттық сауал арқылы тиісті министрліктерге жолданатынын атап өтті.
Сондай-ақ Мәжіліс депутаты Шарбұлақ ауылдық округіндегі Ақбастау елді мекенінде жаңадан ашылған «Ақбастау» фельдшерлік-акушерлік пунктінің, «Шарбұлақ» спорт кешенінің жұмысымен танысып, «Жол картасы» бағдарламасы аясында салынып жатқан 300 орындық «Шарбұлақ» жалпы орта мектебінің құрылыс барысын көрді. Депутат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылдық жерлердегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмалары аудан көлемінде жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
Бұдан бөлек, халық қалаулысы аудан ардагерлерімен кездесіп, әлеуметтік саясат, қоғамдық тұрақтылық және ел дамуы бағытындағы өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Сапар аясында Темір Қырықбаев Қақпақ ауылдық округінде орналасқан, инвестициялық құны 4,1 млрд теңгені құрайтын «Қарқын 2030» ЖШС-нің 5 мың басқа арналған ірі қара мал бордақылау алаңының құрылысымен және Қазығұрт асуындағы «Нұх пайғамбар кемесі» мемориалдық кешенімен танысты.
Жалпы, жұмыс сапары тұрғындармен тікелей диалог орнатуға, инфрақұрылымдық және инвестициялық жобалардың іске асырылуын бақылауға, сондай-ақ «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталды.





