ҚАЗЫҒҰРТТА СУ ТАСҚЫНЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ МЕН ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Аудан әкімі су тасқынының алдын алу мәселесіне ерекше тоқталып, жауапты сала басшыларына қауіпті аймақтарды нақты анықтап, инженерлік-қорғаныс шараларын күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар, арық-атыздар мен су өткізу нысандарын уақытылы тазалау, қажетті техникаларды дайындыққа қою қажеттігін атап өтті.
Кіріс көздерін ұлғайту және рейтингтік көрсеткіштерді орындау бағытында салық базасын кеңейту, көлеңкелі экономикамен күресті күшейту, кәсіпкерлік субъектілерін қолдау арқылы аудан бюджетінің кіріс бөлігін арттыру бойынша нақты тапсырмалар берілді. Бұл жұмыстардың орындалуы тұрақты бақылауда болатыны ескертілді.
Көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысында ағын сумен қамту, су үнемдеу технологияларын енгізу және шаруаларды қажетті ресурстармен қамтамасыз ету мәселелері қозғалды. Ауыл шаруашылығы саласына жауапты бөлімге егіс науқанының ұйымдасқан түрде өтуін қамтамасыз ету міндеттелді.
Тұрғын үйлерді табиғи газға қосу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды жеделдету, тиісті мекемелермен өзара іс-қимылды күшейту және тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігі айтылды. Бұл бағыттағы әрбір кезең нақты мерзіммен орындалуы тиіс екені қадап тапсырылды.
Сондай-ақ, ауданға инвестиция тарту мәселесі де басты назарда болды. Әкім инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жұмыстарын күшейтіп, әлеуетті инвесторлармен жүйелі жұмыс жүргізу қажеттігін атап өтті. Мәжіліс қорытындысында барлық тапсырмалардың орындалу барысы алдағы аппарат отырыстарында қайта қаралатыны айтылды.





