ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БІЛІМ САПАСЫН ЖОҒАРЫЛАТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ЖҰМЫСТАР КҮШЕЙТІЛДІ

Түркістан облысында білім беру саласын дамыту, оқушылар үшін қауіпсіз әрі сапалы білім беру ортасын қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл мәселе өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің тұрақты бақылауында. Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, облыстық Білім басқармасы білім беру ұйымдарындағы ахуалды зерделеу және өзекті түйткілдерді шешу мақсатында аудандар мен қалаларда көшпелі кездесулер өткізуде.
Осы жұмыстар аясында облыстық Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Орынов бірқатар аудан мен қалаға барып, сала басшыларымен және педагогикалық ұжымдармен мазмұнды жиындар өткізді. Атап айтқанда, соңғы аптада Сауран, Отырар, Ордабасы, Бәйдібек, Созақ, Төлеби, Қазығұрт аудандары мен Кентау қаласында білім беру ұйымдарының басшыларымен кеңейтілген кездесулер ұйымдастырылды. Бұл жиындарда білім сапасын арттыруға кедергі келтіріп отырған мәселелер ашық талқыланып, нақты ұсыныстар айтылды.
Қазығұрт ауданына жасаған жұмыс сапары барысында Ғалымжан Орынов аудан әкімі Азизхан Әзімханұлымен бірге алдымен оқушылардың инновациялық жобалары мен шығармашылық бастамалары ұсынылған көрмені аралады. Жас өрендердің тың идеялары мен ізденістерін көрген сала басшылары оқушылардың әлеуетін қолдаудың маңыздылығына тоқталды.
Одан кейін өткен кеңейтілген алқалы жиында 2025–2026 оқу жылының алғашқы екі тоқсанында атқарылған жұмыстардың қорытындылары қаралды. Жиында білім сапасын арттыру, оқу процесін жетілдіру, сондай-ақ білім алушылардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада білім алуын қамтамасыз ету мәселелері жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар, «Заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асыру аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарының, білім саласына қатысты нормативтік-құқықтық актілердің сақталуы қатаң бақылауда болуы тиіс екені ескертілді.
Кездесу барысында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасын тиімді іске асыру, тәрбие жұмысының мазмұнын күшейту және оны оқу процесімен үйлестірудің маңыздылығы атап өтілді. Бұл бағытта әрбір білім беру ұйымының басшысы мен педагогтеріне нақты міндеттер жүктелді.
Алқалы жиында облыстық Білім басқармасының әр ауданға жауапты бас мамандары өз салалары бойынша проблемалық мәселелерді баяндап, облыстық орталықтардың басшылары білім сапасына кері әсер етіп отырған факторларды ашық айтты. Нәтижесінде нақты көрсеткіштер бойынша төмен нәтиже көрсеткен білім беру ұйымдарының басшыларына білім сапасын арттыруға бағытталған жұмысты күшейту жөнінде тапсырмалар берілді.
Жиын соңында педагогтер мен сала қызметкерлері өз ұсыныс-пікірлерін білдіріп, көтерілген мәселелер бойынша жауапты тұлғалар тарапынан түсіндірмелер жасалды. Көптеген ұсыныстар алдағы жоспарға енгізілетін болды.
Түркістан облысының білім басқармасы алдағы уақытта да білім беру сапасын арттыруды негізгі басымдық ретінде қарастырып, педагогтердің кәсіби дамуын қолдауға, сондай-ақ оқушылар үшін қауіпсіз, қолайлы әрі заманауи білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырмақ. Бұл форматтағы көшпелі кездесулер алдағы аптада өзге де аудандарда өткізілмек.





