ТӨЛЕБИДЕ: ЛЕНГІР ҚАЛАСЫНДА ИНЖЕНЕРЛІК ЖЕЛІЛЕР ЖӘНЕ КӘРІЗ ЖҮЙЕСІ ҚҰРЫЛЫСЫ БАҚЫЛАУДА

Бүгін Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов Ленгір қаласында жүргізіліп жатқан бірқатар маңызды инфрақұрылым нысандарының жұмыс барысымен танысты. Іссапар барысында аудан басшысы Қазығұрт, Самал және Алатау шағынаудандарындағы инженерлік желілердің құрылысына, сондай-ақ «Алатау» электр қосалқы станциясының жай-күйіне ерекше назар аударды.
Аудан әкімінің жеке қабылдауында тұрғындар тұрақты электр энергиясы мен кәріз жүйелерінің жетіспеушілігін жиі көтеретін еді. Осы мәселелерді шешу мақсатында «Алатау» электр қосалқы станциясының құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілгені хабарланды. Қазіргі уақытта Қазығұрт, Самал және Алатау шағынаудандарын жаңа электр желілеріне кезең-кезеңімен қосу жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар Еркеғали Амантайұлы кәріз тазалау ғимаратының құрылыс барысына да назар аударды. Қаладағы кәріз жүйесінің қуаттылығы тұрғын үйлер санының артуына байланысты қажеттілікті толық қамтамасыз ете алмай отыр. Бұл мәселені шешу үшін Ленгір қаласында «3-кәріздік тазарту қондырғысының» (КОС-3) құрылыс жұмыстарына Ұлттық қор есебінен 2,6 млрд теңге қарастырылған. Қондырғының тәуліктік қуаттылығы 3 500 текше метр су өңдеуге арналған.
Сонымен қатар №1 және №2 кәріз тазалау ғимараттарын күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу мәселесі де қарастырылып, құрылыс сапасы мен қауіпсіздік талаптарының сақталуы басты назарда болатыны атап өтілді.
Аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов құрылыс жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтау қажеттігін ерекше баса айтып, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Мұның барлығы Ленгір қаласының инженерлік инфрақұрылымын жетілдіру, тұрғындарға тұрақты электр энергиясы мен сапалы кәріз қызметін қамтамасыз етуге бағытталған.





