ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДА 400 МЛН ТЕҢГЕЛІК БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Елімізде агроөнеркәсіп кешенін әртараптандыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында балық шаруашылығын дамытуға айрықша мән беріліп келеді. Мемлекет басшысы белгілеген осы басымдық аясында Түркістан облысының Төлеби ауданында нақты инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Соның бірі – құны 400 млн теңгені құрайтын «Fish House» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің балық өсіру жобасы.
Аталған жоба аясында Киелітас ауылдық округінің аумағында сазан шабағы, ақбалық және бекіре тұқымдас бағалы балық түрлерін өсіру қолға алынған. Жуырда Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов нысанға арнайы барып, шаруашылықтың қазіргі жағдайымен және алдағы даму жоспарларымен танысты.
Іссапар барысында серіктестік иесі, жеке кәсіпкер Нұртас Шағыров балық шаруашылығын жүргізудің ерекшеліктері мен қолданылып жатқан технологиялар туралы кеңінен ақпарат берді. Оның айтуынша, жоба заманауи талаптарға сай ұйымдастырылған. Сазан мен ақбалық уылдырықтан өсіріліп, кезең-кезеңімен дамытылса, бекіре тұқымдас балықтар арнайы дайындалған жасанды тоғандарда бапталады.
Ақбалықты өсіруде ерекше әдіс қолданылуда. Салқын мезгілде балықтар жабық әрі температурасы тұрақты орындарда ұсталып, күз айларында ашық бассейндерге жіберіледі. Бұл тәсіл балықтың табиғи ортаға бейімделуін арттырып, сапалы әрі тез жетілуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар су сапасын бақылау, жем-шөптің құрамы және санитарлық талаптар тұрақты түрде қадағаланады.
Аудан әкімі шаруашылықты аралау барысында инвестициялық жобаның өңір үшін маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, балық шаруашылығы – ауыл шаруашылығының болашағы зор бағыттарының бірі. Мұндай жобалар бір жағынан ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге ықпал етсе, екінші жағынан жаңа жұмыс орындарын ашуға және ауылдық аумақтардың экономикалық әлеуетін арттыруға жол ашады.
Қазіргі таңда «Fish House» ЖШС-нің қызметі аудан экономикасына оң әсерін тигізе бастаған. Жоба толық қуатына шыққан жағдайда, өндірілетін балық өнімдері облыс көлемінде ғана емес, өзге өңірлерге де жеткізілуі жоспарланып отыр. Сонымен қатар алдағы уақытта шаруашылық аумағын кеңейтіп, балықтың өзге де түрлерін өсіру мүмкіндіктері қарастырылуда.
Мамандардың пікірінше, балық шаруашылығын дамыту – экологиялық тұрғыдан да тиімді. Жасанды тоғандар мен заманауи өсіру технологиялары табиғи су ресурстарына түсетін жүктемені азайтып, биологиялық тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде тұрақты даму қағидаттарына сай келеді.
Жалпы, Төлеби ауданында жүзеге асырылып жатқан бұл жоба Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығын дамыту, инвестиция тарту және өңірлік экономиканы нығайту жөніндегі тапсырмаларының нақты орындалып жатқанын көрсетеді. Алдағы уақытта мұндай бастамалар саны артып, ауданның аграрлық әлеуетін жаңа деңгейге көтереді деп күтілуде.





