СЫРДАРИЯ БОЙЫНДАҒЫ ОРТАҚ ЖОБАЛАР: ТҮРКІСТАНДА ҚАЗАҚ-ӨЗБЕК СУ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫНЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан қаласында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы трансшекаралық су ресурстарын басқару және су-энергетика саласындағы әріптестікті нығайтуға арналған бірқатар маңызды жиын өтті. Атап айтқанда, екі елдің су қатынастары бойынша барлық бағытты қамтитын бірлескен жұмыс тобының XIII отырысы және Орталық Азия аумағында тұрақты әрі өзара тиімді су-энергетикалық ынтымақтастық тетіктерін қалыптастыруға бағытталған қазақ-өзбек бірлескен жұмыс тобының II отырысы ұйымдастырылды.
Кеңейтілген форматтағы басқосуға Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Өзбекстан Республикасының Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев және Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады.
Отырыстар барысында тараптар екі мемлекет арасындағы су және су-энергетикалық ынтымақтастықтың қазіргі ахуалына жан-жақты талдау жасап, бірқатар нақты бағыттар бойынша пікір алмасты. Соның ішінде «Достық» мемлекетаралық магистральдық каналының техникалық жағдайы, оны тазалау және кезең-кезеңімен жөндеу жұмыстары басты назарда болды. Өткен жылы Қазақстан тарапы каналдың бірқатар учаскелерінде, соның ішінде еңістер, коллекторлар мен бас гидротехникалық нысандарда механикалық тазалау жұмыстарын жүргізіп, негізгі қақпаларға ағымдағы жөндеу жасаған. Биыл бұл жұмыстарды жалғастыру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі де күн тәртібінен түскен жоқ. Тараптар су үнемдеу технологияларын енгізу және оларды тәжірибеде қолдану бағытында өзара тәжірибе алмасуға уағдаласты. Бұл қадам ауыл шаруашылығында суды ұтымды пайдалануға және су тапшылығы тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.
Жиында Сырдария өзенінде автоматтандырылған гидробекеттер орнату жобасын іске асыру мәселесі де қаралды. Жоба аясында өзен бойында жалпы саны 10 гидробекет орнату көзделіп отыр. Оның бесеуі Қазақстан аумағында, қалған бесеуі Өзбекстан аумағында орналасады. Бұл бастама трансшекаралық су ағынын есепке алу мен бөлудің ашықтығын арттыруға бағытталған.
Аталған жоба Германияның Халықаралық ынтымақтастық қоғамының (GIZ) қолдауымен әзірленген. Қазіргі таңда ұйым тарапынан техникалық тапсырма толық дайындалып, жобаны іске асырудың келесі кезеңдеріне көшуге негіз қаланды.
Жиын барысында ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов екі ел басшыларының қатысуымен қол қойылған трансшекаралық су нысандарын бірлесіп басқару жөніндегі үкіметаралық келісімнің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бұл құжат Орталық Азиядағы су дипломатиясының дамуына серпін беріп, ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың нақты бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ шеңберінде Халықаралық су ұйымын құру және өңірлік су пайдалану жөніндегі негіздемелік конвенция әзірлеу бастамалары өңірлік деңгейде аса өзекті екенін жеткізді.
Өз кезегінде Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңір үшін су мәселесінің стратегиялық маңызын атап өтті. Оның айтуынша, облыс – еліміздегі ең ірі аграрлық аймақтардың бірі. Мұнда 575 мың гектар суармалы жер бар, бұл республика бойынша суармалы алқаптардың төрттен біріне жуық. «Достық» каналы арқылы облыстың оңтүстік бөлігіндегі 140 мың гектар жер сумен қамтылып отыр. Сондықтан вегетациялық кезеңде судың тұрақты әрі уақытылы берілуі ауыл шаруашылығының табысты дамуы үшін шешуші рөл атқарады.
Сонымен қатар облыс әкімі Сайрам ауданында қуаты 1000 МВт болатын бу-газ қондырғысы негізіндегі электр станциясының құрылысы жүріп жатқанын атап өтіп, өңірде су және энергия салаларында ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.
Жиын қорытындысы бойынша тараптар көтерілген мәселелер мен ұсыныстар екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп, трансшекаралық су ресурстарын бірлесіп әрі тиімді басқаруға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.





