Түркістанда үшем дүниеге келді: сарыағаштық отбасының қуанышы еселенді

 

Түркістан облыстық №1 перинаталдық орталығында үшем сәби өмірге келді. Қуанышты оқиға 2026 жылдың 3 ақпанында тіркелген. Сарыағаш ауданының тұрғыны жүктіліктің 33-аптасында мерзімінен бұрын босанып, бір мезетте үш нәрестені аман-есен дүниеге әкелді.

Жаңа туған сәбилердің салмақтары әртүрлі болған. Алғашқысының салмағы – 2400 грамм, екіншісі – 2230 грамм, ал үшіншісі – 2060 грамм. Мерзімінен бұрын туғандықтан, үшем арнайы «патология» бөлімшесіне жатқызылып, дәрігерлердің тұрақты бақылауына алынған.

Алғашқы тәулікте нәрестелер тыныс алу аппаратының көмегіне жүгінсе, екінші күннен бастап өздігінен тыныс ала бастаған. Дәрігерлердің айтуынша, бұл – олардың жағдайының тұрақтанып, оң динамика қалыптасқанын білдіреді.

Қазіргі уақытта үшемнің жағдайы қанағаттанарлық деп бағалануда. Олар ана сүтімен қоректеніп, тағамды жақсы қорытуда. Бақылау кезеңінде сәбилердің салмақтары 2350, 2244 және 2019 граммға жеткен.

Мамандардың оң қорытындысынан кейін Зере, Дара және Сара есімдері қойылған үшем аналарының қолына тапсырылып, үйлеріне шығарылды. Айта кетейік, бұл отбасында бұған дейін үш ұл мен екі қыз тәрбиеленіп жатқан болатын.

Дәрігерлер мұндай жағдайлардың сирек кездесетінін айтып, ана мен сәбилердің денсаулығы қатаң бақылауда болғанын атап өтті. Облыстық перинаталдық орталықта ана мен бала өмірін сақтауға бағытталған заманауи медициналық көмек жүйелі түрде көрсетіліп келеді.