Жетісай ауданы қысқа мерзімді экономикалық өсім бойынша үздік үштікке енді

 

Түркістан облысында аудан, қала әкімдіктері мен басқармалардың жұмыс тиімділігін бағалау мақсатында арнайы индикаторлар бекітіліп, рейтинг жүйесі енгізілді. Бұл бастама өңірлердегі экономикалық көрсеткіштерді жақсартуға және басқару сапасын арттыруға бағытталған.

Осыған орай Түркістан облысы әкімінің аппараты ғимаратында облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен әкімдіктің кеңейтілген алқа отырысы өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, аудан-қала әкімдері, басқарма басшылары мен жауапты сала жетекшілері қатысты.

Алқа отырысында 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері талқыланды. Облыс әкімі өткен жылы Түркістан облысының экономикасында оң динамика сақталғанын атап өтті. Қысқа мерзімді экономикалық өсім 113,9 пайызды құрап, ауыл шаруашылығы саласындағы өнім көлемі 1226 млрд теңгеге жеткен. Бұл көрсеткішпен Түркістан облысы республика бойынша үшінші орынға тұрақтаған.

Кеңейтілген отырыс барысында аудан, қала әкімдіктері мен облыстық басқармалардың қызметтік тиімділігі жан-жақты бағаланды. Қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Гүлфари Әжіметованың мәлімдеуінше, бағалау жүйесі 9 блоктан және 97 индикатордан тұрады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша қызметтік тиімділік рейтингінде Сауран, Жетісай және Созақ аудандары көш бастап тұр. Ал Бәйдібек ауданы, Кентау және Арыс қалалары рейтингтің соңғы орындарынан көрінген.

Облыс әкімі бұл аумақтарда бекітілген көрсеткіштерге қол жеткізілмеуі тиісті жұмыстардың жеткілікті деңгейде жүргізілмегенін білдіретінін атап өтіп, аталған аудан және қала әкімдерінің есептерін тыңдады.

– Аудан, қала әкімдері мен басқарма басшылары орындаушылық тәртіпті жеке бақылауына алып, халықпен кері байланысты күшейтуі тиіс. Жыл басынан бері бекітілген индикаторларға қол жеткізбеген аудан, қала әкімдіктері мен басқармалардың 25 лауазымды тұлғасына тәртіптік шара қолданылды. Мақсат – жазалау емес, нақты нәтижеге қол жеткізу. Сондықтан 2026 жылға бекітілген индикаторлар мен тапсырмалардың сапалы орындалуын қамтамасыз ету үшін жұмысты күшейтіңіздер. Өңірдің экономикалық әлеуетін арттыру, өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту – басты міндет, – деді Нұралхан Көшеров.

Жиын барысында елімізде басталған Конституциялық реформа мәселесі де қозғалды. Жаңа Конституция жобасы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге, мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға және әділетті, ашық әрі құқықтық мемлекет қалыптастыруға бағытталғаны атап өтілді.

Алқа отырысын қорытындылаған облыс әкімі барлық деңгейдегі басшыларға әрбір бекітілген индикатордың орындалуын жеке бақылауға алып, нақты нәтижеге бағытталған жүйелі жұмыс жүргізуді тапсырды.