Түркістан облысында 2300-ден астам пәтер пайдалануға берілді

Түркістан облысында 2300-ден астам пәтер пайдалануға берілді,-деп хабарлайды Пресса24.кз.
Түркістан облысында тұрғындарды баспанамен қамту бағытындағы жұмыстар нәтижелі жүзеге асуда. Өткен жылы өңірде кезекте тұрған азаматтарға барлығы 2 317 пәтер пайдалануға берілді. Оның ішінде 176 пәтер – жалдамалы, 2 138-і – несиелік тұрғын үй. Бұл туралы Түркістан облыстық құрылыс басқармасының басшысы Абай Тұрханов бұқаралық ақпарат құралдарына арналған брифинг барысында мәлімдеді.
Сонымен қатар, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамту мақсатында мемлекет меншігіне 580 жалдамалы және 842 несиелік пәтер сатып алынған. Бұл шара әлеуметтік осал топтарға қолжетімді тұрғын үй ұсыну ісін жандандыруға мүмкіндік беріп отыр.
Басқарма басшысының айтуынша, 2026 жылы да өңірде тұрғын үй құрылысы қарқынды түрде жалғасады. Жоспарға сәйкес, биыл 810 пәтерден тұратын 8 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіледі. Қазіргі таңда аталған жобаларға қаржы бөлу жұмыстары қолға алынған. Жалпы, 2025 жылы құрылыс басқармасы арқылы 183 нысанның құрылысына бюджеттен 118,2 млрд теңге бөлініп, толық игерілген. Оның 106 нысаны пайдалануға берілсе, қалған 77 нысанның құрылысы 2026–2027 жылдары аяқталады деп жоспарланып отыр. Ал 2026 жылы облыс көлемінде 89 нысанның құрылысына 55,9 млрд теңге қаржы қаралған.
Құрылыс саласындағы жұмыстар тек тұрғын үймен шектелмейді. Өткен жылы білім беру саласында 4 нысан пайдалануға беріліп, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 9 900 оқушыға арналған 16 мектеп ашылған. Денсаулық сақтау саласында Жетісай ауданының Бәйтерек елді мекенінде 25 орындық дәрігерлік амбулатория ел игілігіне беріліп, Түркістан қаласында жеке инвесторлар есебінен оңалту орталығы ашылған.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2026 жылы Сарыағаш және Ордабасы аудандарында екі бірдей перинаталдық орталықтың құрылысы басталған. 2025 жылы екі әкімшілік ғимараттың құрылысы аяқталса, биыл Сауран ауданы әкімдігінде акт залы пайдалануға берілмек.
Мәдениет саласында өткен жылы 6 нысанның құрылысы аяқталып, 2026 жылы тағы 13 нысанды ел игілігіне беру жоспарланған. Ал спорт саласында былтыр 18 нысан пайдалануға тапсырылып, биыл тағы 9 спорт нысанының құрылысы басталмақ.
Осылайша, Түркістан облысында құрылыс қарқыны сақталып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған әлеуметтік маңызы бар жобалар жүйелі түрде жүзеге асуда.





