ТҮРКІСТАН: МАҚТААРАЛ АУДАНЫНДА ТАҒЫ ЕКІ ЕЛДІ МЕКЕН ТАБИҒИ ГАЗҒА ҚОСЫЛДЫ

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылдық аумақтарды дамыту және елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында жүйелі жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Соның нақты нәтижесі ретінде Мақтаарал ауданында тағы екі елді мекен – Еңбекші ауылдық округіне қарасты Шұғыла мен Нұрлытаң ауылдары табиғи газға қосылды.

Аталған ауылдар Мақтаарал ауданындағы 68 елді мекеннің ішінде табиғи газбен қамтылған 66-шы және 67-ші елді мекендер атанып отыр. Бұл – жергілікті тұрғындар үшін көптен күткен әрі әлеуметтік маңызы зор жаңалық.

Осыған орай ұйымдастырылған салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков, аудандық тұрғын үй шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ғабит Полатов, газбен қамтамасыз етуші мекеме өкілдері мен төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары қатысты. Олар ауыл тұрғындарын айтулы оқиғамен құттықтап, газдандыру жобасының маңызын атап өтті.

Салтанатты рәсім барысында Бижан Анарбеков табиғи газдың ауыл халқының тұрмыс сапасын арттырудағы рөліне тоқталып, мемлекет тарапынан инженерлік-инфрақұрылымдық жобаларға басымдық беріліп отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, Еңбекші ауылдық округіндегі Т.Жайлыбаев елді мекені де жақын арада газға қосылса, Мақтаарал ауданы толықтай, яғни 100 пайыз табиғи газбен қамтылған ауданға айналады.

Ауыл тұрғындары көптен күткен қуанышқа куә болып, ел игілігі үшін атқарылған жұмыстарға ризашылықтарын білдірді. Табиғи газдың келуі тұрмысты жеңілдетіп қана қоймай, экологиялық ахуалды жақсартып, қауіпсіз әрі үнемді отын көзін пайдалануға жол ашады.

Сонымен қатар іс-шара барысында газ қызметінің мамандары мен төтенше жағдайлар бөлімінің өкілдері тұрғындарға газды пайдалану кезіндегі қауіпсіздік талаптары жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Газ жабдықтарын дұрыс қолдану, тұрмыстық қауіпсіздік ережелерін сақтау және төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша нақты кеңестер берілді.

Айта кетейік, Мақтаарал ауданында елді мекендерді табиғи газбен қамту жұмыстары жоспарлы түрде жалғасып, өңір халқының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды жобалардың бірі ретінде жүзеге асуда.