ПРЕЗИДЕНТ АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҚТАРДЫҢ ӘЛЕУЕТІН ПАЙДАЛАНУ БОЙЫНША ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ТӘЖІРИБЕСІН ЖОҒАРЫ БАҒАЛАДЫ

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы экономикалық аймақтардың (АЭА) әлеуетін толық әрі тиімді пайдалану мәселесіне ерекше тоқталды. Президент инвестиция тарту жұмысын жаңа деңгейге көтеру қажеттігін атап өтіп, бұл бағытта Түркістан облысы мен Астана қаласының тәжірибесін үлгі ретінде көрсетті.

Президенттің айтуынша, арнайы экономикалық аймақтардың қазіргі жұмыс тәсілі түбегейлі қайта қарауды қажет етеді. Олар нақты инвестиция тартатын, жаңа экономикалық шешімдер сыналатын және тиімді құралдар кеңінен енгізілетін алаңға айналуға тиіс. Осыған байланысты алдағы үш жылда АЭА инфрақұрылымын дамытуға бір триллион теңге көлемінде займ қаражатын бағыттау ұсынылып отыр. Алайда Мемлекет басшысы ең алдымен олардың даму моделін қайта құру қажет екенін баса айтты.

– Егер нақты нәтижеге қол жеткіземін деген ниет болса, бұл мәселені қолда бар қаржымен де шешуге болады. Бұған Түркістан облысының бұрынғы әкімі Дархан Сатыбалдының тәжірибесі дәлел. Астанада да оң үлгі бар. Үкімет үш айдың ішінде арнайы экономикалық аймақтарды дамытудың жаңа моделін бекітуі тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Түркістан облысында инвесторларға қолайлы жағдай қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыс жолға қойылған. Өңірде дайын инфрақұрылым ұсынылып, жобаларды толық сүйемелдеу тетіктері іске асуда. Терең өңдеу саласын дамыту үшін салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылған. Аумағы 4 397 гектарды құрайтын «Turan» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, өңірде дайын инфрақұрылымы бар 21 индустриялық аймақ бар.

Кәсіпкерлер үшін шағын өнеркәсіптік парктерде өндірістік ғимараттарды жеңілдетілген шарттармен жалға алу немесе сатып алу мүмкіндігі ұсынылады. Қазіргі таңда облыстың барлық аудан-қалаларында шағын өнеркәсіптік парктердің құрылысы жүргізілуде. Жалпы саны 258 өндірістік ғимарат салынуда, оның 45-і пайдалануға беріліп, 32 жоба іске қосылған.

Президент инвестиция тартуда кедергілерді азайтып, жедел әрі сапалы жұмыс жүргізудің маңызын атап өтті. Бұл тұрғыда Түркістан облысында қолайлы инвестициялық климат қалыптасқан. 2025 жылы өңірде негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 1 трлн 746 млрд теңгеге жетіп, жоспар 121,6 пайызға орындалды.

Шетелдік инвестиция тарту көрсеткіші де жоғары деңгейде. Жоспарланған 475 млн АҚШ долларының орнына 1,4 млрд доллар инвестиция тартылды. 2025 жылы жалпы құны 340 млрд теңгені құрайтын 58 жоба іске қосылып, 8 340 жаңа жұмыс орны ашылды.

Ал 2026–2029 жылдарға арналған инвестициялық портфельде жалпы құны 2,8 трлн теңге болатын 111 жоба қарастырылған. Бұл жобалар шамамен 20 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Биылдың өзінде 444 млрд теңгеге 66 жобаны іске асырып, 7 мыңға жуық жұмыс орнын құру жоспарланып отыр.