«АУЫЛ АМАНАТЫ» – АУЫЛДЫ ҚОЛДАУҒА БАҒЫТТАЛҒАН НАҚТЫ ЖОБА

«AMANAT» партиясының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған маңызды әлеуметтік-экономикалық бағдарлама ретінде өз тиімділігін дәлелдеп келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес партиялық жоба мемлекеттік бағдарлама мәртебесіне ие болып, оның аясында жылдық 2,5 пайызбен 7 жылға дейін жеңілдетілген несие беру тетігі енгізілді.
Бағдарлама Келес ауданында жүйелі түрде іске асырылып, ауыл шаруашылығын дамытуға, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға нақты серпін беріп отыр. «Ауыл аманаты» ауыл халқының кәсіпкерлік белсенділігін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және табыс көзін ұлғайтуға бағытталған. 2023–2025 жылдар аралығында Келес ауданында жоба шеңберінде 339 жоба қаржыландырылып, нәтижесінде 750 жаңа жұмыс орны құрылды.
Қаржыландырылған жобалардың басым бөлігі мал және егін шаруашылығын дамытуға, жылыжай шаруашылығын кеңейтуге, сондай-ақ балық және құс өсіруге бағытталды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы кооперативтері қажетті техника мен құрал-жабдықтармен қамтылып, тұрғындардың жеке кәсібін бастауына жағдай жасалды. Осы кезеңде ауданда бірқатар шағын өндіріс орындары да іске қосылды.
2025 жылы бағдарлама аясында ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту, жүзім шаруашылығын дамыту, сондай-ақ тігін бағытында шағын өндіріс орындарын ашу жобалары жүзеге асырылды. Бұл бастамалар жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып, аудан экономикасының дамуына оң әсер етуде.
Ал 2026 жылы өңдеу саласына басымдық беру жоспарланып отыр. Осы мақсатта кемінде төрт кооператив құру көзделген. Атап айтқанда, Абай ауылында сүт өндіру кооперативін, Бірлесу ауылдық округінде құлпынай өсіру кооперативін ашу бойынша тиісті құжаттар жауапты мекемелерге жолданды.
Қазіргі таңда Бірлік ауылдық округінде өндірістік парк ашу үшін арнайы жер телімі белгіленді. Мұнда «Бір ауыл – бір өнім» қағидаты аясында жем-шөп дайындайтын цех салу және мал бордақылау алаңдарын бір үлгіде орналастыру жоспарланған. Ал Ақтөбе ауылдық округінде балық шаруашылығын дамыту бойынша ұсыныстар беріліп, алдағы уақытта балық өнімдерін сататын шағын сауда нүктесін ашу көзделіп отыр.
Бағдарлама шеңберінде тұрғындарға кәсіп бастау мүмкіндіктерін түсіндіру мақсатында ақпараттық-кеңес беру жұмыстары да тұрақты жүргізілуде. Қазіргі уақытта ауылдық округтер бойынша жобаға қатысуға ниетті азаматтардың тізімі жасақталып, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы арқылы бірқатар жобалардың құжаттары дайындалуда.
Сала мамандарының айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасының тиімді іске асырылуы ауылдық аумақтардың экономикалық белсенділігін арттырып, халықтың табысын көбейтуге және өңірдің өндірістік әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді. Ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған бұл бастамалардың жүзеге асырылуы «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы мен жергілікті партия құрылымдарының тұрақты бақылауында болады.





