ШАРДАРА АУДАНЫНА 60 МЛРД ТЕҢГЕГЕ ЖУЫҚ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫЛДЫ

Шардара ауданында экономикалық өсім қарқыны сақталып отыр. Өткен жылы ауданға негізгі капиталға 56,6 миллиард теңге инвестиция тартылған. Бұл көрсеткіш өңірдің өндірістік, аграрлық және инфрақұрылымдық әлеуетін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі.

Жеке кәсіпкерлер есебінен 2025 жылы жалпы құны 14,9 миллиард теңгені құрайтын 6 жоба жүзеге асырылып, 145 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылды. Ал 2026 жылы 3,4 миллиард теңгеге 5 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Олардың қатарында «SER-KUN» балық кептіру цехы, «Медина» жеке кәсіпкерлігі және ет өнімдерін терең өңдеу мен мал бордақылауға бағытталған кәсіпорындар бар. Бұл жобалар ауданның агроөнеркәсіптік кешенін әртараптандыруға мүмкіндік береді.

Өнеркәсіп саласында да оң динамика байқалады. Былтыр 26,2 миллиард теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілген. Негізгі үлес балық өңдеу, мақта және күріш өңдеу, сондай-ақ электр энергиясын өндіру салаларына тиесілі.

Ауыл шаруашылығы саласында 58 мың гектар жерге дақыл егіліп, 73,4 миллиард теңгенің өнімі алынған. Су үнемдеу технологияларын енгізу бағытында 6 070,1 гектар алқапқа заманауи жүйелер орнатылды. Оның ішінде 5 990,1 гектарға тамшылатып суғару, 80 гектарға жаңбырлатып суғару жүйесі енгізілген. Бұл тәсілдер өнімділікті арттырып қана қоймай, су ресурстарын тиімді пайдалануға ықпал етеді.

Құрылыс саласында өткен жылы 55,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Сонымен қатар 60 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, қазіргі таңда ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілуде.

Жұмыспен қамту бағытында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 5 411 азамат тұрақты табыс көздерімен қамтылды. Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орнын ашу» тапсырмасы шеңберінде 1 161 жаңа жұмыс орны құрылған.
Инфрақұрылымды дамыту көрсеткіштері де назар аударарлық. Аудандағы 22 елді мекеннің 20-сы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Бозай және Бимырза елді мекендерінде халық санының аздығы мен шалғай орналасуына байланысты тұрғындармен келісім хаттамасы жасалған. Табиғи газбен қамту деңгейі 98 пайызды құрайды.
«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 15 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы көшелердің үлесі 91,6 пайызға жеткен.

Жалпы алғанда, инвестиция көлемінің артуы, өндіріс пен ауыл шаруашылығындағы өсім, инфрақұрылымдық жобалардың іске асуы Шардара ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты бағытта жалғасып жатқанын көрсетеді.