ТҮЛКІБАСТА ТҰРҒЫНДАР ҰСЫНҒАН МӘСЕЛЕЛЕР БОЙЫНША НАҚТЫ ШАРАЛАР ҚАБЫЛДАНУДА

Өткен аптада Түлкібас ауданының әкімі Асқар Естібаев 2026 жылдың бірінші жартыжылдығына арналған есептік кездесулерін бірқатар ауылдық округтер мен Түлкібас кентінде өткізді. Шақпақ, Жабағылы, Кемербастау, Ақбиік, Рысқұлов, Мичурин, Тастұмсық ауылдары мен кент тұрғындарымен өткен жиындарда 100-ге жуық ұсыныс пен өтініш тіркелген.
Осы көтерілген мәселелердің орындалу барысын пысықтау мақсатында аудан басшысы Шұқырбұлақ және Тастұмсық ауылдарына, сондай-ақ Састөбе кентіне арнайы барып, сала жетекшілерімен бірге нақты нысандарды аралап шықты.
Шұқырбұлақ ауылында
Ауылда жер кезегінде тұрған азаматтарды инфрақұрылыммен қамту үшін белгіленген 27 гектар аумақтың құқықтық мәртебесі қаралды. Оның 10 гектары мемлекет мұқтажына қайтарылған. Ал қалған 17 гектар бойынша жер иелері тарапынан рәсімдеу жұмыстары аяқталмаған. Аудан әкімі жауапты мамандарға меншік иелерімен түсіндіру жұмыстарын жалғастырып, заң талаптарына сәйкес шешім қабылдауды тапсырды.
Сонымен қатар балалар ойын алаңын салуға арналған орын белгіленіп, тиісті техникалық мүмкіндіктері зерделенді. РК-4 каналы бойынан тоған салу жөніндегі тұрғындар ұсынысына байланысты облыстық профильдік басқармаға ресми ұсыныс жолдау міндеттелді.
Тастұмсық ауылында
1976 жылы пайдалануға берілген округ әкімдігі мен ветеринариялық қызмет ғимаратының техникалық жағдайы тексерілді. Нысандарды жаңғырту немесе қайта салу мәселесі бойынша құжаттарды әзірлеп, бюджеттік комиссия қарауына ұсыну тапсырылды.
Сондай-ақ инфрақұрылым тартылған 24 гектар жердің 22 гектары мемлекет меншігіне рәсімделгені белгілі болды. Қалған 2 гектар бойынша құқықтық акт алу жұмыстары алдағы кезеңде жүргізілмек.
Састөбе кентінде
Жаңа су жүйесінің жұмысын бағалау барысында 54 су қысымын реттейтін бұранды және 10 өрт гидранты орнатылғаны айтылды. Аудан басшысы жүйенің тиімділігін қосымша тексеріп, қажет болған жағдайда қосымша жабдықтар орнату жөнінде тапсырма берді. Бұл кент тұрғындарын сапалы сумен қамту мен төтенше жағдайлардың алдын алу үшін маңызды.
Жалпы жұмыс сапары барысында көтерілген мәселелердің басым бөлігі жер қатынастары, инженерлік инфрақұрылым және әлеуметтік нысандардың жағдайына қатысты екені атап өтілді. Аудан әкімі барлық ұсыныстар кезең-кезеңімен қаралып, заң талаптарына сәйкес нақты шешімдер қабылданатынын жеткізді.





