ҚАЗЫҒҰРТТА МАХАМБЕТ АУЫЛЫ ТӘУЛІК БОЙЫ АУЫЗ СУҒА ҚОСЫЛАДЫ

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған халықты сапалы ауыз сумен қамту және ауыл инфрақұрылымын жаңғырту саясаты аясында Қазығұрт ауданында нақты жобалар жүзеге асырылып келеді. Осы бағыттағы жұмыстардың бірі – Сарапхана ауылдық округіне қарасты Махамбет елді мекеніндегі ауыз су жүйесін жаңарту.

Аудан әкімі Азизхан Исмаилов аталған ауылға арнайы барып, сумен жабдықтау нысанының қазіргі жай-күйімен танысты. Жобаны іске асыру мақсатында «Таза су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны тарапынан тереңдігі 367 метр болатын ұңғыма қазылып, сапалы ауыз су көзі анықталды. Бұл – елді мекен үшін стратегиялық маңызы бар шешім.

Бұған дейін Махамбет тұрғындары ауыз су тапшылығын сезініп келген. Су беру тұрақсыз болып, тұрмыстық қажеттіліктерді толық өтеуге мүмкіндік болмаған. Жаңа ұңғыманың іске қосылуы ауыл халқы үшін көптен күткен оң өзгеріс ретінде қабылданды. Ақсақалдар мен тұрғындар атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылық білдіріп, инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бастамаларға жоғары баға берді.

Жоба аясында бірқатар қосымша техникалық жұмыстар жүргізіледі. Аудан әкімі жауапты мекемелерге ұңғыма аумағын қоршау, су айдайтын насос орнату, ұзындығы 3 шақырым ауыз су құбырын тарту, электр желісін жүргізу және трансформатор қою тапсырмасын жүктеді. Сонымен қатар нысанды жарықтандыру және өзге де инженерлік инфрақұрылым элементтерін белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтау міндеттелді.

Барлық жұмыстар толық аяқталған соң Махамбет елді мекені тәулік бойы үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Бұл ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттырып, әлеуметтік жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.