Түркістанда туризмді дамытуға бағытталған жаңа инвестициялық жобалар талқыланды

Түркістанда туризмді дамытуға бағытталған жаңа инвестициялық жобалар талқыланды,-деп хабарлайды Пресса24.
Түркістан облысында туризм саласын дамыту және өңір экономикасын әртараптандыру бағытында жаңа бастамалар қолға алынуда. Осы мақсатта облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек Қытайдан келген инвесторлармен кездесу өткізіп, бірқатар перспективалы жобаларды талқылады. Басқосу барысында тараптар туристік инфрақұрылымды жетілдіру, жаңа нысандар салу және өзара ынтымақтастықты кеңейту мәселелеріне назар аударды.
Кездесу барысында облыс әкімінің орынбасары Түркістан өңірінің инвестиция тартуға қолайлы аймақтардың бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, жергілікті билік шетелдік серіктестермен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделі және инвесторларға барлық қажетті қолдау көрсетуге дайын. Сондай-ақ өңірде индустриалды және арнайы экономикалық аймақтардың жұмыс істеп тұрғаны, бұл кәсіпкерлер үшін тиімді мүмкіндіктер ашатыны айтылды.
Қанат Қайыпбек соңғы жылдары Қытай инвесторларының қатысуымен бірқатар ірі жобалар жүзеге асқанын жеткізді. Әсіресе ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласында жаңа кәсіпорындар іске қосылып, өңір экономикасына серпін беріп отыр. Оның пікірінше, туризм бағытындағы бастамалар да облыстың әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді.
Өз кезегінде қытайлық компания өкілдері Түркістан облысының инвестициялық мүмкіндіктеріне қызығушылық танытатынын білдірді. Олар туризм саласына қатысты бірнеше жобаны ұсынып, демалыс аймақтарында арнайы көрініс алаңдарын салу және заманауи капсулалық үйлер орнату жоспарымен бөлісті. Инвесторлар құрылыс жұмыстарын наурыз айының соңына қарай бастауға дайын екенін айтып, жобаларды жедел іске асыру үшін жергілікті биліктің қолдауына сенім артатынын жеткізді.
Кездесу барысында тараптар ұсынылған бастамаларды жан-жақты талқылап, алдағы уақытта өзара тиімді әріптестікті дамытуға уағдаласты. Жоспарланып отырған жобалар жүзеге асқан жағдайда өңірдің туристік инфрақұрылымы кеңейіп, Түркістан облысының инвестициялық және туристік тартымдылығы арта түспек.





