Түркістан облысында 4 айда 12 мыңнан аса тұрақты жұмыс орны ашылды

2025 жылдың алғашқы 4 айында Түркістан облысында 12 031 тұрақты жұмыс орны құрылды. Бұл – өңірде жүзеге асырылып жатқан «Өңірлік жұмыс орындарын құру картасы» аясындағы жоспардан едәуір жоғары көрсеткіш. Аталған бағдарлама бойынша жыл соңына дейін 130 769 жұмыс орнын ашу көзделсе, оның 83 554-і – тұрақты, 47 215-і уақытша.
Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен өткен алқа мәжілісінде атқарылған жұмыстар сараланды. Еңбек мобильділігі орталығының директоры Абзал Казанкаповтың айтуынша, 4 айда жоспарланған 7883 тұрақты жұмыс орнының орнына 12 031 жұмыс орны құрылған. «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» жобасы аясында 775 жаңа жұмыс орны ашылды, ұлттық жобалар арқылы 321 адам жұмыспен қамтылды.
Бұдан бөлек, уақытша субсидияланатын жұмыс орындарына 32 465 адам жолдануы тиіс болса, бүгінге дейін 19 447 азамат жолданған. Дегенмен, Түлкібас, Төлеби, Қазығұрт және Отырар аудандарында ұлттық жобалар аясындағы жұмыстар бәсең.
Жиында облыс әкімінің орынбасары жауапты тұлғаларға жұмысты күшейтіп, еңбек тәртібін бақылауды тапсырды. Субсидияланған жұмыс орындарында тәртіп бұзылса, жауаптыларға шара қолданылатыны ескертілді.
Әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның мәліметінше, биыл аз қамтылған азаматтар санын 20%-ға азайту жоспарланған. Қазір кедейлік деңгейі 2,3%-ға дейін төмендеп, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 48,2%-ға азайған.
Бердалы ОРАЗ