Ақтөбедегі онлайн-лотерея ісі: жеті қызға түрме жазасы тағайындалып, қоғамда дау туды

Ақтөбеде заңсыз онлайн-лотерея ісі бойынша шыққан сот үкімі үлкен резонансқа айналды. Қаладағы ойын клубтарының бірінде кассир әрі администратор қызметін атқарған жеті қызға сот 2 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын белгіледі.

Тергеу дерегінше, аталған мекеме 2 миллиард теңгеден астам шығын келтірген. Сот қыздарды қылмысқа қатысы бар деп танып, әрқайсына түрлі мерзім тағайындады.

Алайда сотталғандардың туыстары үкімге үзілді-кесілді қарсы. Олардың айтуынша, қыздар тек операторлық міндет атқарған және мекеменің заңсыз екенін білмеген.
«Қызым тек қоңырау қабылдаумен айналысты, ешқандай басшылық қызмет атқарған жоқ. Енді кішкентай баласын тастап түрмеге отырмақ», – дейді ашынған ата-аналардың бірі.

Бұл істің қоғамда ерекше талқы тудырған тұсы – сотталғандардың арасында жүкті әйелдер мен кішкентай баласы бар аналардың болуы. Көпшілік мұны әділетсіздік деп бағалап, «Аналарды түрмеге қамау – балаларды жетім қалдырумен тең» деген пікір білдіруде.

Қорғаушылар істі қайта қарауды және қосымша сараптама жүргізуді сұрағанымен, сот өтінішті қанағаттандырмаған. Қоғам белсенділері әділ сот процесін талап етіп, істің барлық мән-жайы қайта қаралуы тиіс екенін алға тартып отыр.