АРЫС – АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМІ БОЙЫНША ОБЛЫСТАҒЫ ОЗАТ АУДАНДАРДЫҢ ҚАТАРЫНДА

Түркістан қаласында агросектор мамандарының кәсіби мерекесіне арналған «AGROFEST TÚRKISTAN – 2025» өңірлік форумы өтті. Дәстүрлі форматта ұйымдастырылған мерекелік жиында ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібінде еңбек етіп жүрген мамандардың еңбегі лайықты түрде бағаланды. Іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, сала қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, ауыл шаруашылығы аймақ экономикасының негізгі тіректерінің бірі екенін атап өтті.
Форум барысында Арыс қаласы агросаладағы биылғы еңбек нәтижесімен ерекше көзге түсті. Ресми мәліметке сәйкес, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Арыс қаласы ауыл шаруашылығы жалпы өнім көлемін өндіру көрсеткіші бойынша облыс деңгейінде ІІ орын иеленді. Бұл – аудан диқандарының жоспарлы жұмысы, еңбек өнімділігін арттыру жолындағы үздіксіз ізденісі мен тәжірибесінің нәтижесі.
Арыс өңірі үшін мұндай көрсеткіш – жыл бойғы еңбектің нақты жемісі. Қала және ауылдық округтердегі шаруалар егін, мал шаруашылығы, бау-бақша және қайта өңдеу салалары бойынша өндірісті жүйелі түрде күшейтіп келеді. Тиімді агротехнологияларды енгізу, сумен қамтамасыз етуді жақсарту және шаруашылық мәдениетін арттыру – қол жеткізілген нәтижелердің негізгі факторлары саналады.
Мерекелік іс-шара аясында ауыл шаруашылығы өнімдерінің кең көлемді жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Өңір диқандары 300 тоннадан астам табиғи және экологиялық таза өнімдерін көпшілік назарына ұсынды. Көкөніс, жеміс-жидек, сүт және ет өнімдері, үй шаруашылығы тауарлары, сондай-ақ қайта өңдеу кәсіпорындарының өнімдері көрмеде кеңінен таныстырылды.
«Ауыл аманаты» жобасы аясында іске асқан бастамаларға да арнайы орын берілді. Аталған жоба ауыл тұрғындарының экономикалық белсенділігін арттыруға, отбасылық шаруашылықтарды қолдауға және ауыл кәсіпкерлігін дамытуға айтарлықтай серпін бергені көрмеден айқын байқалды.
Шара барысында облыс әкімі ауыл шаруашылығы саласындағы прогресс өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, жергілікті нарықты сапалы өніммен қамтуға жол ашатынын атап өтті. Ал Арыстың көрсеткіші – аграрлық сектордағы тұрақты даму үрдісінің айқын дәлелі.
Жергілікті билік пен салалық ұйымдар келешекте Арыс диқандарының жұмысын қолдау бағытында жаңа жобалар іске асатынын хабарлады. Оның ішінде су үнемдеу технологиялары, жаңа өнім түрлерін енгізу және қайта өңдеу әлеуетін кеңейту жоспарланып отыр.





