АРЫС ҚАЛАСЫНДА ТЕМІРЖОЛ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫНДАҒЫ ЖОЛКӨЛІК ОҚИҒАЛАРЫН АЛДЫН АЛУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

АРЫС ҚАЛАСЫНДА ТЕМІРЖОЛ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫНДАҒЫ ЖОЛКӨЛІК ОҚИҒАЛАРЫН АЛДЫН АЛУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ,-ДЕП ХАБАРЛАЙДЫ ПРЕССА24.КЗ.

Арыс қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Омарұлы Қуандықтың төрағалығымен теміржол және автомобиль жолдарында ауыл шаруашылығы жануарларының жолға шығуынан туындайтын жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша мәжіліс өткізілді. Жиынға құзырлы мекемелердің өкілдері қатысты: Арыс 1 станциясындағы желілік полиция бөлімі, Аудандық полиция бөлімі, Арыс қаласының ауыл шаруашылығы бөлімі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, ауылдық округ әкімдері, теміржол мекемелеріның басшылық құрамы, Арыс қаласы және ауылдық округтердегі ветеринариялық бекет меңгерушілері, сондай-ақ БАҚ өкілдері.

Мәжіліс барысында Арыс 1 станциясындағы желілік полиция бөлімінің бастығының орынбасары Н.Б.Орынбаев ағымдағы жылы теміржол бойында ауыл шаруашылығы жануарларының жолға шығуынан орын алған оқиғаларды баяндады. Статистикаға сәйкес, ағымдағы жылы теміржолда шұғыл тежеу 55 рет орын алып, оның ішінде жолға адам шығу 5 рет, жылқы 10 рет, сиыр 20 рет, ұсақ мал 20 рет тіркелген. Бұл жағдай жол қозғалысының қауіпсіздігіне айтарлықтай қауіп төндіріп, тұрғындар мен ауыл шаруашылығы кәсіпкерлеріне экономикалық зиян келтіруі мүмкін.

Жиында ауылдық округтердің тұрғындарына және жергілікті фермерлерге қауіпсіздік шараларын сақтау жөнінде нақты ұсыныстар айтылды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы жануарларын қараусыз қалдырмау, түнгі уақытта үй жануарларына жарық шағылыстырғыш таспа орнату, жануарларды қауіпсіз жерлерде жаю және ауыл әкімдігі мен ветеринария саласының мамандарымен бірлесе түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігі атап өтілді.

Автомобиль жолдарында да ауыл шаруашылығы жануарларының жолға шығуы ерекше назарға алынды. Жануарлардың қараусыз жүруі тек жол-көлік оқиғаларына әкеліп қана қоймай, сонымен қатар шаруалардың да материалдық шығынын арттыруы ықтимал. Сондықтан жол бойында қауіпсіздік шараларын күшейту, жануарларды белгіленген жерлерде ұстау және жолға шығуына жол бермеу маңызды болып отыр.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 29.04.2020 жылғы №145 бұйрығымен бекітілген «Ауыл шаруашылығы жануарларын жаюдың қағидаларына» сәйкес, жалпыға ортақ пайдаланылатын жерлерде, темір және автомобиль жолдарына бөлінген белдеулерде, су қорғау белдеулері мен санитариялық қорғау аймақтарының шекарасында ауыл шаруашылығы жануарларын жаюға тыйым салынады. Ауыл шаруашылығы жануарлары адамдардың қадағалауынсыз жүрген жағдайда қараусыз жануарлар болып есептеледі.

Сонымен қатар, ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Заңының 559 бабы «Темiржол көлiгiнде қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қағидаларды бұзу» бойынша жауапкершілік қарастырылған. Бұл бап бойынша жануарларды қараусыз қалдыру немесе жол бойына шығуына жол беру кінәлі тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тартуға мүмкіндік береді.

Мәжіліс қорытындысында Арыс қаласының әкімдігі тұрғындарды өз иеліктеріндегі үй жануарларын қараусыз қалдырмауға шақырды. Сонымен қатар, жануарларды түнгі уақытта бақылау, жарық шағылыстырғыш таспа қолдану, қауіпті жол аймақтарын алдын ала белгілеу сияқты іс-шараларды орындау қажеттігі ескертілді. Бұл шаралар тұрғындардың өмір қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, ауыл шаруашылығы дақылдарының сақталуына және жергілікті экономиканың тұрақтылығына да оң әсер етеді.

Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, алдағы уақытта аталған жұмыстар тұрақты түрде жүргізілетін болады. Барлық ауылдық округтерде алдын алу іс-шаралары жалғасып, тиісті сала мамандары әр учаскені дер кезінде бақылап, қажетті іс-шараларды қолдануға әзір. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары кеңейтіліп, тұрғындар мен фермерлерге профилактикалық кеңестер ұсынылатын болады.

Мәжіліс барысында қала әкімінің орынбасары Ерғали Омарұлы Қуандық қатысушыларға жол-көлік қауіпсіздігі мен ауыл шаруашылығы жануарларын қорғауға қатысты нақты міндеттер мен жауапкершілікті белгіледі. Әсіресе, теміржол бойында және автомобиль жолдарында жануарлардың жолға шығуы жағдайларының алдын алу бойынша тұрақты мониторинг жүргізу, ауыл тұрғындары мен шаруаларды ақпараттық тұрғыдан хабардар ету маңызды деп аталды.

Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі атап өткендей, аталған шаралар тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға, сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласының дамуына оң ықпал етуге бағытталған. Барлық жұмыстар заң шеңберінде, экологиялық және қауіпсіздік талаптарына сай жүргізілуде.