Арыста балалар үшін жаңа серпін: 17 ойын алаңшасы салынады

Түркістан облысына қарасты Арыс қаласында биыл балалар үшін ерекше жаңалық бар. Қала мен ауылдық округтерде барлығы 17 жаңа балалар ойын алаңшасы бой көтереді. Бұл – бір жағынан, әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту болса, екінші жағынан, жас ұрпақтың денсаулығы мен даму мүмкіндігін арттыруға бағытталған нақты қадам.

Аталған жобалар қала әкімі Қайсар Маңқараевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асуда. Соңғы уақытта тұрғындармен өткен кездесу барысында көпшіліктің көтерген басты мәселелерінің бірі – балалар алаңдарының жетіспеушілігі болатын. Әсіресе, ауылдық жерлерде бүлдіршіндердің ойнайтын қауіпсіз әрі заманауи алаңдарының болмауы ата-аналарды алаңдатқан. Енді осы түйткілді мәселе шешімін тауып келеді.

Жоспарланған 17 ойын алаңының 10-ы қала аумағында, қалған 7-і ауылдық округтерде салынады. Құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен жүріп жатыр. Алаңшалар балалардың жас ерекшелігі мен қауіпсіздігін ескере отырып жобаланған. Қазіргі заман талабына сай сырғанақ, әткеншек, жаттығу құрылғылары және жұмсақ жабын төселетін болады.

Қалалық әкімдік өкілдерінің айтуынша, жаңа алаңдар тек ойын-сауық үшін емес, балалардың физикалық және әлеуметтік дамуына да оң ықпал етеді. «Қаладағы және ауылдағы балалардың мүмкіндігі тең болуы тиіс. Бұл алаңдар – жай ғана ойын орны емес, салауатты өмір салтын үйрететін ашық мектеп десе болады», – дейді жауапты бөлім мамандары.

Сонымен қатар, биыл бірқатар спорттық нысандарға да жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қаладағы Сүлейменов көшесінде орналасқан футбол алаңына жаңарту жұмыстары басталды. Мұндай жұмыстар Монтайтас пен Жиделі ауылдық округтеріндегі футбол алаңшаларында да қолға алынған.

Арыс қаласында балалар мен жасөспірімдерге арналған нысандардың көбеюі – жергілікті әкімдіктің жастарды қолдау, олардың бос уақытын тиімді өткізу және спортқа баулу бағытын ұстанып отырғанының айғағы. Тұрғындар да бұл өзгерістерді оң қабылдауда. «Бұрын баламызды ойнауға апаратын алаң жоқ еді. Енді үй ма