Түркістанда жаңа зауыт – жүздеген тұрғынға тұрақты табыс көзі

 

Түркістан қаласында жаңа өндіріс орны жергілікті тұрғындарға жұмыс табудың нақты мүмкіндігін ұсынып отыр. Kazakhstan Lihua ЖШС өндірістік кешенінде өткен ашық есік күніне жүзден астам адам жиналды. Олардың қатарында жұмыссыз жүргендер де, саласын ауыстыруды көздеген азаматтар да бар.

Ауқымды іс-шараны Түркістан қалалық Мансап орталығы ұйымдастырған. Орталықтың басты мақсаты – тұрғындарды нақты жұмыс орындарымен таныстырып, кәсіпорынның ішкі тәртібі мен еңбек жағдайлары жайлы тікелей ақпарат беру. Қатысушылар зауытты аралап, мамандармен сөйлесіп, өздеріне лайықты бос жұмыс орнын таңдауға мүмкіндік алды.

Kazakhstan Lihua – заманауи технологияларға негізделген өндірістік кластер. Мұнда мақтаны иіру, тоқу, бояу және одан үй тоқыма бұйымдарын өндіру бір орталықта жүзеге асады. Бүгінде компания өңірдегі төрт интеллектуалды желіні іске қосып, жылына 6000 тонна жоғары сапалы мақта өнімін өндіруді жоспарлап отыр. Бұл – аймақтағы ірі өндіріс ошақтарының бірі саналады.

Зауыт өкілдерінің айтуынша, қазір кәсіпорында 750-ге жуық бос жұмыс орны бар. Сұраныс жоғары мамандықтардың қатарында:

  • Қытай тілін меңгерген аудармашылар
  • Жүк тиегіш техниканы меңгерген мамандар
  • Электр-техникалық және техникалық қызмет көрсету саласындағы жұмысшылар
  • Өндірістік операторлар мен тоқыма зауытының негізгі қызметкерлері бар

Kazakhstan Lihua еңбек жағдайына да ерекше көңіл бөледі. Қызметкерлерге тегін түскі ас ұсынылады, ал алғашқы айда қызметкерлер тәжірибеден өтіп, 130 000 теңгеден басталатын жалақы алады. Жұмысқа бейімделгеннен кейін, еңбекақы 400 000 теңгеге дейін өседі. Сонымен қатар, барлық мамандарға қауіпсіздік техникасы мен еңбек тәртібі бойынша арнайы оқыту жүргізіледі.

Түркістан қалалық Мансап орталығының директоры Жангелді Аладинұлының айтуынша, өндіріс орнында жұмысшыларға деген сұраныс жоғары. «Біз азаматтарға тек жұмыс ұсынбаймыз, кәсіби бағыт-бағдар беріп, тұрақты табыс табуына жағдай жасаймыз. Бұл – тұрғындар үшін нақты мүмкіндік», – дейді ол.

Өндіріс орнында жұмыс істеуге ниеттілер үшін байланыс деректері де қолжетімді:

Kazakhstan Lihua ЖШС
📞 +7 775 351 8875

Түркістан қалалық Мансап орталығы
📞 +7 778 259 5353
🏢 Құлыншақ ақын көшесі, №90а

Жаңа өндіріс – жаңа серпін. Kazakhstan Lihua – тек экономикалық жоба емес, аймақтың әлеуметтік жағдайын көтеруге арналған іргелі бастама. Тұрақты жұмыс пен кәсіптік даму жолын іздегендер үшін бұл – таптырмас мүмкіндік.