АУЫЛ МЕКТЕПТЕРІ ОҚУШЫЛАРЫНА АРНАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОЛИМПИАДАНЫҢ ОБЛЫСТЫҚ КЕЗЕҢІ ӨТТІ

Білім мен ізденіс – ел болашағының алтын қазығы. Осы ұстанымды басты бағыт еткен Түлкібас ауданының оқушылары ауыл мектептері арасында ұйымдастырылған республикалық пәндік олимпиаданың облыстық кезеңінде өз білімдерін сынға салды.
Түлкібас аудандық білім бөліміне қарасты жалпы орта мектептерден 105 дарынды оқушы қатысып, математика, физика, химия, биология, география, қазақ тілі мен әдебиеті, тарих және басқа да пәндер бойынша өз мүмкіндіктерін көрсетті.
Жарыс барысында қатысушылардың логикалық ойлау қабілеті, пәндік терең білімі мен шығармашылық көзқарасы бағаланды. Әрбір оқушы өз мектебінің ғана емес, тұтас ауданның намысын қорғап, жоғары нәтиже көрсетуге тырысты.
Байқау қорытындысы бойынша бірнеше түлкібастық шәкірт үздік атанып, республикалық кезеңге жолдама алды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, олимпиада ауыл мектептері арасындағы білім сапасын арттыруға, оқушылардың ғылымға деген қызығушылығын дамытуға зор серпін береді.
Аудандық білім бөлімінің өкілдері мен ұстаздар қатысушыларға қолдау көрсетіп, еңбектерінің нәтижесін жоғары бағалады. Дарынды жастардың табандылығы мен ізденісі Түлкібас өңірінің білім саласындағы тұрақты дамуының айғағы болды.
Білім бәйгесінде бақ сынаған барлық оқушылар мен жетекшілерге алғыс айтылып, алдағы республикалық кезеңде табыс тілегін білдірді.
Түлкібастың жас зияткерлері білім шыңында жарқырап, ел үмітін ақтай беретініне сенім мол.





