«ҚҰҚЫҚТЫҚ ДӘРІХАНА» АКЦИЯСЫ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

Арыс қаласында тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттыру мақсатында бір ай көлемінде жүргізілген «Құқықтық дәріхана» акциясы өз мәресіне жетті. Бұл бастама – «AMANAT» партиясының «Заң және тәртіп» атты республикалық нарративін іске асыру аясында ұйымдастырылған іс-шаралардың бірі.
Жоба Арыс қаласы әкімдігі, аудандық прокуратура, полиция бөлімінің, әділет, денсаулық сақтау салалары мен өзге де мемлекеттік органдардың бірлескен еңбегімен жүзеге асырылды.
Акцияның басты мақсаты – азаматтарға күнделікті өмірде туындайтын құқықтық мәселелер бойынша тегін және қолжетімді көмек көрсету. Әсіресе, тұрғындардың еңбек қатынастары, әлеуметтік төлемдер, тұрғын үй мен жер қатынастары, отбасылық құқық, медициналық қызмет көрсету сияқты бағыттардағы сауалдарына кәсіби кеңес берілді.
Бір ай бойы әр сәрсенбі сайын сағат 11:00-ден 13:00-ге дейін қалалық «Мансап» орталығының мәжіліс залында жұмыс істеген кеңес беру пунктіне ондаған қала тұрғыны келіп, нақты жауаптар алды. Әрбір азаматтың мәселесіне жеке қаралып, заң тұрғысынан түсініктеме мен шешу жолдары ұсынылды.
Тұрғындар мұндай форматтағы жобаның тиімділігін атап өтіп, оны тұрақты түрде өткізу қажеттігін айтты. Өйткені көпшілік құқықтық нормаларды толық білмегендіктен, өз құқығын қорғай алмай қалып жатады.
Жоба нәтижесінде халықтың құқықтық сауаттылығы артып, қоғамдағы заң мәдениетін көтерудің маңызы тағы бір мәрте дәлелденді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Құқықтық дәріхана» акциясы алдағы уақытта да жалғасын тауып, ауылдық округтерде де өткізілмек.





