«KAZAGRO-2025»: ТҮРКІСТАНДЫҚ ДЕЛЕГАЦИЯ АСТАНАДА ӨТІП ЖАТҚАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨРМЕГЕ ҚАТЫСУДА

Астана қаласында ауыл шаруашылығы саласындағы ең ірі халықаралық шаралардың бірі — «KazAgro-2025» көрмесі өтуде. Биылғы көрме өңірлер арасындағы тәжірибе алмасуды, ауыл шаруашылығында инновациялық технологияларды кеңінен енгізуді және экспорттық әлеуетті арттыруды мақсат етеді.
Көрмеге Германия, Қытай, Чехия, Беларусь және Австрия сияқты мемлекеттердің жетекші ауыл шаруашылығы компаниялары өз өнімдері мен технологиялық шешімдерін ұсынды. Шара аясында «TURKISTAN INVEST» ЖШС өкілдері қатысып, Түркістан облысының агроөнеркәсіп саласындағы инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды. Кездесулер барысында облыстың аграрлық өндірісін дамыту, қайта өңдеу және ауылдық инфрақұрылымды жетілдіру бағыттарында ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар Австрияның ауыл шаруашылығы кластерінің (Austrian Agricultural Cluster) өкілі Херман Визермен екіжақты кездесу өтті. Тараптар ет және сүт өндірісін дамыту, суару жүйелерін жетілдіру, сондай-ақ ауыл шаруашылығына инновациялық технологияларды енгізу бағыттарын қарастырды. Австриялық кластер құрамына кіретін Bertsch Foodtec, Bertsch Laska, SmaXtec және Advantage Austria компанияларының озық тәжірибесі мен цифрлық мониторинг жүйелері таныстырылды.
Келіссөздердің нәтижесінде Түркістан мен Австрия делегациялары ұзақ мерзімді серіктестік орнатуға және ауыл шаруашылығы саласындағы бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екендерін білдірді.
Айта кетейік, 2026 жылы Австрия делегациясының Түркістан облысына жұмыс сапары жоспарланып отыр. Сапар барысында бизнес кездесулер ұйымдастырылып, өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа бағыттары талқыланбақ.





