ТҮРКІСТАН: TURKISTAN MARATHON-2025 ӨТЕТІН КҮНІ ҚАЛАДАҒЫ ЖОЛДАР ІШІНАРА ЖАБЫЛАДЫ

2025 жылдың 26 қазанында Түркістан қаласында төртінші халықаралық Turkistan Marathon-2025 өтеді. Ауқымды спорттық шараны «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры ұйымдастырып отыр. Биылғы марафонға Түркі халықтарының марафон альянсына (TAN) мүше елдерден және әлемнің 20-дан астам мемлекетінен 3 мыңға жуық желаяқ қатысады.
Шара күні таңғы 7:20-дан 14:00-ге дейін марафон бағыты өтетін жолдарда көлік қозғалысы уақытша шектеледі. Қатысушылар қашықтықты еңсерген сайын жолдар кезең-кезеңімен ашылып отырады.
Сөре мен мәре аймағы «Karavan Saray Turkistan» кешенінің тұрақ аумағында орналасады. Осыған байланысты Тұтқабаев көшесі мен Бекзат Саттарханов даңғылынан Әл Қожа Ата көшесіне дейінгі жол бөлігі 25 қазан күні сағат 9:00-ден 26 қазан сағат 20:00-ге дейін жабылады.
26 қазан күні Әл Қожа Ата, Батырбеков көшелері және Бекзат Саттарханов даңғылының айналасы 7:20-дан 9:10-ға дейін толық жабылады. Ал Бекзат Саттарханов даңғылының Тұтқабаев көшесінен Есім хан даңғылына дейінгі бөлігі 8:15-тен 14:00-ге дейін қозғалысқа жабылады.
Есім хан даңғылында (Саттархановтан әуежайға дейін) қозғалыс 8:40-тан 13:20-ға дейін ішінара шектеледі, солтүстік бөлігі ашық болады.
Марафон барысында төрт негізгі қашықтық қамтылады:
- 42,2 шақырым;
- 21,1 шақырым;
- 10 шақырым және 10 шақырымдық скандинавиялық жүріс;
- 3 шақырым (10–14 жас аралығындағы балаларға).
Сөре уақыты:
07:30 – 3 км (балалар)
08:20 – 42,2 км
08:25 – 21,1 км
08:40 – 10 км және скандинавиялық жүріс
Turkistan Marathon халықаралық AIMS қауымдастығының мүшесі, ал трассасы World Athletics пен AIMS стандарттарына сай сертификатталған. Бұл мәртебе марафонның халықаралық деңгейде мойындалғанын және шетелдік спортшыларды тартуға мүмкіндік беретінін көрсетеді.
Шара Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен, Kaspi.kz компаниясының демеушілігімен өтеді.
Ұйымдастырушылар қатарында «Бірінші болу – батылдық» қоры, Krida фитнес-клубы және академик Ш. Есенов атындағы ғылыми-білім беру қоры бар.





