ОРДАБАСЫДА “НӘТИЖЕЛЕР ЖӘРМЕҢКЕСІ” ӨТТІ

Ордабасы ауданының орталығында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беруді көздеген «Нәтижелер жәрмеңкесі» атты ауқымды іс-шара өтті. Шара аудандық Мәдениет үйінде ұйымдастырылып, оған аудан әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихаттың төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, мәслихат депутаты, “Amanat” партиясының мүшесі Талғат Жанысбаев, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өкілдері, жұмыс берушілер мен тұрғындар қатысты.
Жәрмеңкенің негізгі мақсаты – халықты тұрақты жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу және кәсіпкерлік белсенділікті арттыру арқылы аудан экономикасын дамыту. Бұл бастама «Еңбек нарығын арттырудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» және «Жұмысшылар жылы» аясында жүзеге асырылуда.
Іс-шара барысында ауданның еңбек нарығындағы нақты нәтижелер мен көрсеткіштер таныстырылды. Атап айтқанда:
- 2025 жылы 7484 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған;
- 2024 жылдың 9 айында 7218 жаңа жұмыс орны құрылды;
- 1541 азамат субсидияланған жұмысқа орналасты;
- «10 мың тұрғынға – 100 жаңа жұмыс орны» жобасы аясында 2030 жұмыс орны тіркелді.
Аудан әкімі Азат Оралбаев өз сөзінде жұмыспен қамту мәселесі елдің тұрақтылығы мен өсімінің негізгі факторы екенін атап өтті.
— Жұмыспен қамту – мемлекеттің әлеуметтік саясатының өзегі. Әрбір адамның табысы мен еңбегі ауданның, облыстың және тұтас елдің дамуына ықпал етеді. Сондықтан еңбек адамын қолдау және жаңа жұмыс орындарын ашу – біздің басты міндетіміз, – деді аудан басшысы.
Шара соңында өңірдің дамуына үлес қосып, еңбек және кәсіпкерлік саласында белсенділік танытқан азаматтарға алғыс хаттар табыс етілді. Қатысушылар бос жұмыс орындары жәрмеңкесімен танысып, мемлекеттік қолдау тетіктері туралы кеңес алды.





