ҚАЗЫҒҰРТ: САРАПХАНА АУЫЛЫНДА 500 ОРЫНДЫҚ ЖАҢА МЕКТЕП САЛЫНЫП ЖАТЫР

Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов жұмыс сапарымен Сарапхана ауыл округіне барып, онда бой көтеріп жатқан 500 орындық жаңа мектептің құрылыс барысымен танысты.
Заманауи үлгіде салынып жатқан білім ордасы пайдалануға берілген соң ауылдағы оқушылар кең әрі жарық сыныптарда білім алу мүмкіндігіне ие болады. Мектеп ғимараты толыққанды оқу процесін жүргізуге қажетті барлық жабдықтармен қамтылып, оқушылар мен мұғалімдер үшін қолайлы жағдай жасалмақ.
Аудан әкімі Азизхан Исмаилов құрылыс жұмыстарының сапасына ерекше назар аударып, қауіпсіздік талаптарының қатаң сақталуы қажет екенін атап өтті. Ол мердігер ұйымға мектепті белгіленген мерзімде сапалы аяқтап, балалардың игілігіне тапсыруды тапсырды.
Жаңа мектептің салынуы – ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған маңызды қадам. Бұл жоба жергілікті тұрғындар үшін үлкен қуаныш әкелмек. Себебі, білім беру мекемесінің ашылуы жас ұрпақтың сапалы білім алуына жол ашып қана қоймай, ұстаздар үшін де жұмыс орындарының көбеюіне ықпал етеді.
Айта кетейік, соңғы жылдары Қазығұрт ауданында жаңа мектептер мен балабақшалардың құрылысына ерекше көңіл бөлінуде. Бұл – өңірдегі білім сапасын арттыруға және ауыл жастарының болашағына инвестиция салудың айқын көрінісі.





