ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖАҢА НЫСАНДАРДЫҢ СӘУЛЕТТІК ЖОБАЛАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиында өңір аумағында бой көтеріп жатқан құрылыс нысандарының сәулеттік шешімдері мен олардың өңірдің бірыңғай дизайн кодына сәйкестігі қаралды. Кеңеске қала және аудан әкімдері, басқарма басшылары, сәулетшілер мен жеке инвесторлар қатысты.

Басқосуда облыс әкімі нысандардың көркемдік тұтастығын сақтай отырып, ұлттық нақыштағы элементтерді көбірек қолдану қажеттігін айтты. Оның айтуынша, Түркістан – тек әкімшілік орталық емес, рухани астана болғандықтан, әр ғимараттың сәулеті мен абаттандыру сапасы ерекше назарда болуы тиіс.

Талқылау барысында Түркістан қаласындағы Тәуке хан даңғылы мен Байбұрт көшесін байланыстыру жобасы, Рәміздер алаңының сәулеттік шешімі, Әкімшілік-іскерлік орталығындағы жаңа мейрамхана мен қонақ үй нысандарының жобалары таныстырылды. Сондай-ақ Түлкібас ауданындағы Т.Рысқұлов елді мекенін абаттандыру және ғимараттардың қасбеттерін жаңарту жұмыстары бойынша ұсыныстар айтылды.

Сонымен қатар, Иірсу ауылында аллея мен қарау алаңын салу, Созақ ауданының Шолаққорған елді мекенінде орталық көше бойын жаңарту және ғимараттардың қасбеттерін ретке келтіру жобалары қаралды. Бұған қоса, «Баба Түкті Шашты Әзіз» кесенесінің аумағын абаттандыруға бағытталған жоспарлар талқыланып, тарихи ескерткіштің сәулеттік ерекшелігін сақтай отырып жаңарту тетіктері ұсынылды.

Жиын қорытындысында аймақ басшысы құрылыс сапасын арттыру, жобаларды жетілдіру және экологиялық талаптарды сақтау жөнінде нақты тапсырмалар берді. Ол сәулеттік шешімдердің барлығы Түркістан өңірінің тарихи болмысымен үйлесімді болуы қажеттігін атап өтті.