ҚАЗЫҒҰРТ: “ТАЗА ҚАЗАҚСТАН” БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА ӨТКЕН СЕНБІЛІККЕ ҮШ МЫҢҒА ЖУЫҚ ТҰРҒЫН ҚАТЫСТЫ

Қазығұрт ауданында “Таза Қазақстан” республикалық экологиялық бағдарламасы аясында ауқымды жалпыаудандық сенбілік өтті. Шараның басты мақсаты – тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауды кеңінен насихаттау, сондай-ақ аудан аумағын тазарту мен көгалдандыруға серпін беру.
Сенбілік ауданға қарасты барлық 13 ауылдық округте ұйымдастырылды. Табиғатты аялау шарасына мемлекеттік қызметкерлер, қоғамдық ұйымдар мүшелері, білім және медицина саласының өкілдері, белсенді жастар мен еріктілер, барлығы 3000-ға жуық адам қатысты.
Жұмыс барысында 16 арнайы техника жұмылдырылып, тұрмыстық қалдықтар мен күл-қоқыс белгіленген полигондарға шығарылды. Сонымен қатар ауданның көгалдандыру аумағын кеңейту мақсатында 50 түп шырша ағашы егілді.
Аудан әкімі Азизхан Исмаилов сенбілікке белсенділік танытқан тұрғындарға ризашылығын білдірді.
— «“Таза Қазақстан” – бұл тек экологиялық бастама емес, туған жерге деген сүйіспеншілікті білдіретін ортақ іс. Табиғатты қорғау, тазалықты сақтау – барлығымыздың азаматтық борышымыз», — деді ол.
“Таза Қазақстан” бағдарламасы қоршаған ортаның тазалығына, елдің жасыл келешегіне бейжай қарамайтын жандарды біріктіріп, қоғамда экологиялық жауапкершілікті күшейтуге бағытталған игі бастама болып қала береді.





