ТҮРКІСТАН: АРЫСТА ЖАҢА ӨНДІРІС ПАРКІ БОЙ КӨТЕРІП ЖАТЫР

 

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, өңірде кәсіпкерлікті дамыту мен жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған нақты істер қолға алынуда. Соның бір айғағы – Арыс қаласында салынып жатқан заманауи өндірістік парк. Бұл жоба қала экономикасының дамуына серпін беріп, кәсіпкерлерге қолайлы инфрақұрылым қалыптастыруды көздейді.

Арыс – Отырар тасжолының бойында орналасқан өндірістік аймақтың жалпы аумағы 1,44 гектарды құрайды. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Қала әкімі Қайсар Маңқараев нысанда болып, жобаның жүзеге асу барысымен танысты. Ол инвестиция тарту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу – мемлекеттік саясаттың негізгі міндеттерінің бірі екенін атап өтіп, мердігерлерге құрылысты сапалы әрі уақытылы аяқтауды тапсырды.

Жобалық жоспарға сәйкес, өндірістік паркте бес жоба іске асырылмақ: термопанельдер өндіру, пластик есік-терезелер шығару, жиһаз өндірісі, бақша өнімдерін терең өңдеу және тротуар плиталары мен бордюр бұйымдарын дайындау. Аталған жобалардың жалпы құны – 215 миллион теңге.

Жоба толық жүзеге асқан соң 30-дан астам тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл бастама жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылуына ықпал етіп, шағын және орта бизнестің дамуына жол ашады. Құрылыс аяқталғаннан кейін өндірістік парк Арыстың индустриялық әлеуетін арттырып қана қоймай, кәсіпкерліктің жаңа толқынына мүмкіндік жасамақ.