Сарыағашта «Таза Қазақстан» аясында сенбілік өтті

 

Сарыағаш ауданында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Табиғатты қорғау мен экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталған шараға аудан әкімі Арман Абдуллаев бастаған жергілікті билік өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер, мәслихат депутаттары, ардагерлер, кәсіпкерлер, жастар және қарапайым тұрғындар белсене қатысты. Жалпы есеппен төрт мыңға жуық адам жұмылдырылды.

Сенбілік аясында аудан аумағындағы барлық мекемелерге тазалық жүргізетін аумақтар бекітіліп, таңғы сағат тоғыздан бастап жұмыстар атқарылды. Көшелер мен қоғамдық орындардағы бей-берекет тасталған қоқыс жиналып, аумақтар ретке келтірілді. Арнайы техника көмегімен тұрмыстық қалдықтар шығарылды. Сонымен бірге көгалдандыру шаралары да қолға алынып, Сарыағаш қаласындағы «Жеңіс» саябағында шырша көшеттері отырғызылды.

Шара барысында аудан әкімі Арман Абдуллаев тұрғындармен және жастармен жүздесіп, табиғатты қорғау, жасыл желекті көбейту, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау мәселелеріне тоқталды. Оның айтуынша, көктем және күз айларында тұрақты түрде ағаш отырғызу дәстүрге айналған. Бүгін егілген жас көшеттер уақыт өте келе саялы баққа айналып, болашақ ұрпақ үшін құнды мұра болмақ.

«Ата-бабамыздың “Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын” деген өсиетімен бүгінгі игі іске үлес қосқан барша азаматтарға алғыс айтамын. Қоршаған ортаны қорғау – әр азаматтың парызы», – деді аудан басшысы.

Бұл бастама Сарыағаштағы табиғи ортаны сақтап қана қоймай, тұрғындар арасында жауапкершілік пен бірлікті нығайтуға да ықпал етеді.