ҚАЗЫҒҰРТТА «AMANAT CUP» ДӘСТҮРЛІ ТУРНИРІ ӨТТІ

Қазығұрт ауданында 25 қазан – Республика күніне орай «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы мен «Жастар рухы» жастар қанатының ұйымдастыруымен шағын футболдан «AMANAT CUP» дәстүрлі турнирі өтті. Спорттық додаға облыс пен аудан, қалалық бастауыш партия ұйымдарының мүшелерінен құралған 17 команда қатысты.

Турнирдің ашылу салтанатында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев пен Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов қатысушыларды ұлттық мерекемен құттықтады. Олар Республика күнінің ел бірлігін нығайтып, қоғамдағы серіктестік пен достықты арттырудағы рөлін атап өтті.

Турнир тартысты өтті. Командалар төрт топқа бөлініп, ақтық сынға жолдама алу үшін шеберліктерін көрсетті. Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Жетісай ауданы, екінші орынды Түркістан қаласы, үшінші орынды Қазығұрт ауданы иеленді.

Жеңімпаз командаларға «AMANAT» партиясының Алғыс хаттары мен бастауыш ұйымдарға арналған компьютерлік техника жиынтығы табысталды. Марапатты партияның облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев пен аудандық филиал төрағасы Есімхан Исақұлов табыстады.

Бұл турнир партия мүшелері арасындағы ұйымшылдық пен серіктестікті арттырып, жастардың спортқа қызығушылығын дамытуды көздейді.