РЕСПУБЛИКА КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА ҚАЗЫҒҰРТТА ЖАҢА БАЛАБАҚША ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

25 қазан – Республика күні қарсаңында Қазығұрт ауданының Қызылқия ауылдық округіне қарасты Қызылсеңгір елді мекенінде жаңа «Бал-Сафия» бөбекжай балабақшасы салтанатты түрде ашылды.

Ашылу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Мұхамедғали Әшірбаев қатысып, ауыл тұрғындарын айтулы мерекемен және жаңа нысанның пайдалануға берілуімен құттықтады.
– Республика күні – ел бірлігін нығайтып, жаңа серпін беретін мереке. Бүгінгі қуаныш – ауылдың әлеуметтік өміріндегі маңызды оқиға. Мемлекет пен жеке кәсіпкерлердің осындай бастамалары балалардың жарқын болашағына жол ашады, – деді ол өз сөзінде.

Жаңа балабақша жеке кәсіпкер Айгүл Құрбанованың жеке қаражаты есебінен бой көтерген. Нысан заманауи стандарттарға сай салынған және бүлдіршіндердің жан-жақты дамуы мен сапалы тәрбие алуына барлық жағдай жасалған. Мұнда оқу және ойын бөлмелері, ұйықтайтын зал, асхана мен қауіпсіздік талаптарына сай жабдықталған аула бар.

Жергілікті тұрғындар үшін бұл – көптен күткен әлеуметтік нысан. Балабақшаның ашылуы ауылдағы ата-аналарға үлкен көмек болмақ, себебі енді олар балаларын өз елді мекенінде, жаңа әрі жайлы ортада тәрбиелей алады.

Жиын соңында ауыл ақсақалдары мен ата-аналар аудан басшылығына және әлеуметтік бастама көтерген кәсіпкерге ризашылықтарын білдіріп, балабақша ұжымына табыс тіледі.