ТҮРКІСТАН: МАҚТААРАЛДАҒЫ ӨРГЕБАС АУЫЛЫНА ТАБИҒИ ГАЗ КЕЛДІ

Республика күні қарсаңында Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы Өргебас ауылы көгілдір отынға қосылды. Жаңажол ауылдық округіне қарасты, шамамен 2 мың тұрғыны бар елді мекенге газдың берілуі – аудан халқы үшін үлкен қуаныш болды.

Бұл жоба Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың нақты нәтижесі. Газдандыру – тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартып қана қоймай, экологиялық қауіпсіздік пен отын үнемділігін қамтамасыз етеді.

Ауылдағы қуанышқа ортақтасу үшін аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков арнайы барып, тұрғындарды маңызды оқиғамен құттықтады.
– Өргебасқа газ келуі – аудан үшін айтарлықтай тарихи сәт. Бұл – ел игілігіне бағытталған мемлекеттік саясаттың жемісі. Газдың келуі ауылдың дамуына жаңа серпін береді, – деді ол өз сөзінде.

Шара барысында мамандар тұрғындарға газды пайдалану және қауіпсіздік ережелерін сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Өргебастықтар да бұл жаңалықты зор қуанышпен қабылдап, жобаны жүзеге асыруға атсалысқан облыс және аудан басшылығына, сондай-ақ облыстық мәслихат депутаты Жарқынбек Қанаевқа алғыстарын білдірді.

Айта кетсек, соңғы жылдары Мақтаарал ауданында газдандыру қарқынды жүріп жатыр. Бүгінде ауданға қарасты 68 елді мекеннің 58-і, яғни 85 пайызы табиғи газбен қамтылған. Қалған ауылдарда құрылыс-монтаж жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде.

Жоспар бойынша 2026 жылдың соңына дейін Мақтаарал ауданы толықтай табиғи газ жүйесіне қосылады. Бұл – елдің оңтүстігіндегі ең халқы тығыз орналасқан аймақтардың бірі үшін әлеуметтік тұрғыдан аса маңызды жетістік болмақ.