Келес ауданында жібек құртын өсіретін кәсіпорын ашылады – жоба құны 1,8 млрд теңге

Келес ауданында жібек құртын өсіретін кәсіпорын ашылады – жоба құны 1,8 млрд теңге
Түркістан облысының Келес ауданында ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған ауқымды инвестициялық жоба іске қосылмақ. Ошақты ауылдық округіндегі Сарыжылға елді мекенінде жібек құртын өсіру және өңдеу кәсіпорнының құрылысы басталды.
🔹 Жоба құны – 1 млрд 780 млн теңге.
🔹 60 гектар жерге тұт ағашының көшеттері отырғызылады.
🔹 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев жобаны жүзеге асырып жатқан «Асвс ойл» ЖШС өкілдерімен кездесті. Қазірдің өзінде қажетті инфрақұрылым жұмыстары басталып кеткен: жер асты ұңғымасы қазылып, су шығарылған. Сонымен қатар Қытай Халық Республикасымен тұт көшеттерін жеткізуге келісім жасалған.
Жоба тиімділігін сынау мақсатында бұған дейін Біртілек ауылдық округінде 0,5 гектар жерге тұт ағашы отырғызылып, алғашқы өнім беріп үлгерген. Ағаштар жергілікті климатқа бейімделіп отыр.
Жобаның келесі кезеңінде тұт жапырағынан шай өндіру жоспарланып отыр. Бұл үшін Қытайдан заманауи шай өндіретін қондырғылар жеткізіледі.
Жоба толық іске қосылғанда Келес ауданында ауыл шаруашылығының жаңа бағыты қалыптасып, өңір экономикасына тың серпін береді деп күтілуде.





