Кентауда дәстүр мен руханиятты насихаттайтын медиастудия іске қосылды

Кентау қаласында ұлттық құндылықтар мен тәрбие тағылымдарын кеңінен дәріптейтін жаңа ақпараттық алаң өз жұмысын бастады. Қалалық «Руханият орталығы» жанынан құрылған «Дәстүр» медиастудиясы салт-дәстүр мен руханиятты ұштастырып, заманауи форматтағы медиаконтент өндіруге бағытталған.
Жаңа студияның ашылу салтанатына қала әкімі Жандос Тасов, қалалық мәслихат төрағасы Қаблан Елеусізов және жергілікті билік өкілдері қатысты. Қала басшысы өз сөзінде аталмыш жоба жастардың дүниетанымын кеңейтіп, ұрпақ санасына ұлттық болмыс пен рухани тәрбие негіздерін сіңіруде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
«Дәстүр» студиясы бейнероликтер, әлеуметтік роликтер, ақпараттық бағдарламалар дайындап, қоғамның рухани иммунитетін нығайтуға үлес қоспақ. Бұл — діни экстремизмнің алдын алып, жастардың ақпараттық қауіпсіздігін арттыруға бағытталған кешенді жұмыстың бір бөлігі.
Айта кетейік, «Кентау қалалық Руханият орталығы» 2024 жылдың наурыз айында құрылған және Түркістан облысы бойынша алғашқы осындай форматтағы мекеме саналады. Қазіргі таңда орталықта 12 қызметкер жұмыс істейді. Олардың жұмысы діни бағыттағы түсіндіру, дәстүр мен мәдениетті дәріптеу, тұрғындармен және жастармен тұрақты кездесулер ұйымдастыру сынды өзекті салаларды қамтиды. Орталықтың директоры — Қанат Бекметов.
Жаңа медиастудия рухани жаңғыру мен ұлттық идеологияны заманауи медианың тілімен жеткізудің тың үлгісі болмақ.





